WBC тұжырымы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы, доминикандық Карлос Адамес жақын болашақта өз титулын қазақстандық боксшы Мейірім Нұрсұлтановқа қарсы қорғауы ықтимал, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бұл жайында америкалық бокс сарапшысы Васим Мазер мәлімдеді.
Сарапшының айтуынша, орта салмақтағы жағдайды WBC ұзақ уақыт бойы кейінге шегеріп келгенімен, енді шешім қабылдауға мәжбүр болып отыр.
«Нұрсұлтановтың қазіргі рейтингі мен көрсеткіштері бәрін өзі-ақ дәлелдеп тұр. Уақыт қозғалысқа енді, енді WBC орта салмағы бұрыннан қордаланған сұрақпен бетпе-бет келмек», – деп жазды Васим Мазер That Boxing Guy порталындағы шолуында.
Мейірім Нұрсұлтанов – кәсіпқой бокста жарқырап келе жатқан қазақстандық үміткер. Егер бұл жекпе-жек ресми бекітілсе, ол оның мансабындағы ең ірі сынақ болмақ.