Қазақстанның бірінші ракеткасы, WTA рейтингінде бесінші орында тұрған Елена Рыбакина Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өтіп жатқан World Tennis Continental Cup көрме турнирінде швейцариялық Белинда Бенчичті (WTA №11) 6:3, 6:4 есебімен жеңіп, маусымдағы соңғы жеке кездесуін сәтті аяқтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бұған дейінгі матчта Рыбакина польшалық Ига Швёнтекке (WTA №2) жол берген еді.
Шэньчжэньдегі турнирде Елена аралас жұптар сайысына да қатысуда. Ол ресейлік Андрей Рублёвпен жұп құрып, Монако өкілі Валантен Вашро мен Ига Швёнтекке қарсы ойнайды.
2025 жыл Рыбакина үшін ерекше табысты маусым болды. Ол Страсбург пен Нинбо қалаларында өткен екі WTA 500 деңгейіндегі турнирдің жеңімпазы атанды. Сонымен қатар, Эр-Риядта өткен WTA Қорытынды турнирінде алғаш рет чемпион атанып, финалда әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенконы (Беларусь) тізе бүктірді.