Қазақстандық аңыз боксшы Геннадий Головкин Сауд Арабиясына жасаған сапары барысында әлем футболының жарық жұлдызы, «Әл-Наср» клубының шабуылшысы Криштиану Роналдумен жүздесті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Кездесу кезінде GGG португалиялық футболшыны Сауд Арабиясы чемпионатының кезекті турында жасаған дублімен құттықтады. Ал Роналду өз кезегінде Головкинмен кездесуге риза екенін білдіріп, жылы лебізін жеткізді. Геннадий Головкин Эр-Риядқа ірі бокс кешін тамашалау үшін келгенін де атап өтті.
Айта кетейік, қос спорт майталманы бұған дейін, 2020 жылы, DAZN жобасы аясында бірлескен түсірілімге қатысқан болатын.
Криштиану Роналду жуырда ғана Сауд Арабиясы чемпионатының 11-турында «Әл-Ахдуд» командасының қақпасына қос гол соғып, «Әл-Насрдың» 3:0 есебімен жеңіске жетуіне зор үлес қосты. Бұл жеңістен кейін «Әл-Наср» барлық турнирлердегі жеңісті сериясын сегіз ойынға, ал ұлттық біріншіліктегі жеңістер тізбегін он матчқа жеткізді.
Осы маусымда Роналду 40 гол соғып, жалпы мансабындағы голдарының санын 956-ға жеткізді.
Жыл аяқталмай тұрып, «Әл-Наср» клубын тағы бір маңызды кездесу күтіп тұр. Команда 30 желтоқсанда Сауд Арабиясы чемпионатының 12-туры аясында «Әл-Иттифақ» клубына қарсы алаңға шығады.