Сауда және интеграция министрлігінің жаңа бұйрығына сәйкес, 2026 жылғы 4 қаңтардан бастап әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімі 19-дан 31 атауға дейін ұлғаяды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бұл қадам инфляцияны тежеуге бағытталған уақытша шара ретінде енгізілуде.
Жаңартылған тізімге енген өнімдер:
Дәнді және наубайханалық өнімдер: ұн, нан, макарон;
Жармалар мен көкөністер: қарақұмық, күріш, картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, қияр, қызанақ;
Жемістер: алма;
Қант пен майлар: қант, күнбағыс майы;
Ет өнімдері: сиыр еті, тартылған ет, сүйекті қой еті, сүйекті жылқы еті, тауық еті, балық;
Сүт өнімдері: сүт, айран, қаймақ, қатты ірімшік, сары май;
Басқа өнімдер: тауық жұмыртқасы, қара шай, тұз.
Бұған дейін тізімде тек сиырдың жауырын-төс бөлігі қарастырылған болса, енді ет өнімдерінің ауқымы кеңейіп отыр. Сондай-ақ, бұрын болмаған көкөніс, жеміс және сүт өнімдері енді бақылауға алынатын болады.
Тізімге енген әрбір тауар бойынша шекті бөлшек сауда бағалары белгіленіп, жеткізу шарттарында ең жоғары сауда үстемесі көрсетілуі тиіс. Егер бұл талап орындалмаса, шарт жарамсыз деп танылады. Қазіргі уақытта рұқсат етілген ең жоғарғы сауда үстемесі — 15%.