2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда жаңа көліктердің бағасы шамамен 3-4% қымбаттайды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты naryk.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл туралы Қазақстан автокөлік одағының (ҚАО) президенті Анар Мақашева мәлімдеді.
Оның айтуынша, бұл баға өсімі тек шетелден импортталатын көлік модельдеріне қатысты болады. Ал отандық зауыттарда құрастырылған көліктердің бағасы өзгермейді. Бұл ҚҚС (қосылған құн салығы) мөлшерлемесінің 12%-дан 16%-ға дейін өсуіне қарамастан мүмкін болмақ.
Мақашеваның сөзінше, қазақстандық автозауыттар өндірісті оңтайландыру және локализация деңгейін арттыру арқылы бағаны ұстап тұруға күш салады. Сонымен қатар, отандық көлік өндірісіне деген тұтынушы сенімі артып келеді. Өйткені отандық зауыттар көлік құрастырумен қатар, кейінгі сервистік қызмет көрсету жүйесін де қамтамасыз ете алады.
«Сатып алу бағасы — автокөлікке иелік етудің жалғыз шығыны емес. Ең үлкен шығындар көлікті ұстауға, атап айтқанда сервистік қызметке кетеді. Қазіргі құбылмалы нарық жағдайында шетелдік қосалқы бөлшектердің қымбаттауы мен жеткізілуінің қиындауы жергілікті көліктердің тиімділігін арттырып отыр. Нәтижесінде, отандық көлікті ұстаудың жалпы құны төмен болуы мүмкін»,-дейді ҚАО басшысы.