Bayraktar ұшқышсыз жойғыштары жаңа деңгейге шықты

Қазіргі уақытта Baykar компаниясы Bayraktar TB2 және AKINCI аппараттарын көптеген елге экспорттап отыр

Түркия авиация саласында жаңа рекорд орнатты. Baykar компаниясының хабарлауынша, Bayraktar KIZILELMA ұшқышсыз жойғыш ұшағының екі прототипі алғаш рет автономды түрде бір сапта қатар ұшуды сәтті орындады. Сынақ Чорлу қаласындағы AKINCI оқу-сынақ орталығында өтті.

PT3 және PT5 үлгілері кезекпен әуеге көтеріліп, арнайы автономды басқару жүйесінің көмегімен бір бағытта және бір ырғақта қозғалды. Осылайша, әлемде алғаш рет екі ұшқышсыз жойғыш ұшақ пилотсыз режимде тығыз топтық ұшуды орындады.

Сынақ барысында әуе кеңістігін патрульдеу тапсырмасы да тексерілді. Белгіленген маршрут бойынша автономды патруль жасау болашақта әуе қорғанысы міндеттерін ұшқышсыз жойғыштар тобы орындай алатынын көрсетті.

Бұған дейін Bayraktar KIZILELMA әуеден-әуе зымыранымен реактивті нысананы жойып, тағы бір тарихи сынақтан өткен еді. Қазіргі уақытта Baykar компаниясы Bayraktar TB2 және AKINCI аппараттарын көптеген елге экспорттап отыр.