Қазақстанда орташа өмір сүру ұзақтығы 75,4 жасқа жетті

2025 жылдың алғашқы он айында жалпы өлім-жітім өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,7 пайызға азайған

Қазақстанда халық денсаулығына қатысты негізгі көрсеткіштер біртіндеп жақсарып келеді. Елде өлім-жітім деңгейі төмендеп, нәрестелер арасында тіркелетін өлім азайған, ал тұрғындардың өмір сүру ұзақтығы өсіп отыр.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сәйкес, 2025 жылдың алғашқы он айында жалпы өлім-жітім өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,7 пайызға азайған. Нәресте өлімі де айтарлықтай қысқарып, 18,7 пайызға төмендеген.

Дүниежүзілік банктің деректері бойынша, 2024 жылдың қорытындысында Қазақстан Орталық Азия елдері арасында өмір сүру ұзақтығы жағынан алдыңғы орынға шықты. Елдегі орташа өмір сүру ұзақтығы 75,4 жасқа жеткен.

Сонымен қатар, Қазақстан БҰҰ-ның 2025 жылға арналған Адам дамуы индексінде 193 мемлекеттің ішінен 60-орынға көтеріліп, бір жыл ішінде жеті позицияға жоғарылады. Бұл жетістіктер денсаулық сақтау саласын жаңғырту және жүргізіліп жатқан реформалардың нәтижелілігін айғақтайды.