Жұмыла көтерген жүк жеңіл
Жұмыла көтерген жүк жеңіл
241
оқылды
Коронавирус – жалпыға бірдей төнген апат. Бүкіл әлем осы кезеңде бір атаның баласы екенін сезініп, жұдырықтай жұмылған. Сегіз қиыр шартараптағы сегіз миллиард адам­зат біріккенде, әрине ат төбеліндей қазақтың алауыздығына жол жоқ. Әртүрлі ұйымдар бар, қалталы азаматтар бар, бәрі де бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жатыр. Мәселен, Nur Otan партиясы қысылтаяң шақта жалғызбасты қарттарға, мүгедектер мен көп­балалы отбасыларға көмектесу үшін 150 млн теңге бөлді. Нұр-Сұлтан және Алматы әкімдік­терімен бірге коронавирустың таралуына жол бермеу мақса­тында құрылған жедел штабтарға көмек көрсету үшін волонтер-еріктілердің ықшам топтары жасақталған. Сондай-ақ партия­ның орталық аппараты мен фи­лиалдарының қызметкерлері осы қажеттіліктерге өздерінің бір күндік жалақысын аударды. Тұңғыш Президент қоры да төтенше жағдайдағы халықты қолдау үшін 200 млн теңге берді. Ол қаражат Нұр-Сұлтан мен Ал­маты қалалары әкімдіктері арасында теңдей үлестірілді.
«Бүгінде Қазақстанда эпиде­мияға қарсы іс-шаралар толық көлемде жүзеге асып жатыр. Бұл әрекеттер қазіргі ахуалға сай және дер кезінде қолға алынды. Мемлекет теңдессіз шараларды қабылдап отыр. Қауіпті індетпен күресте отандық бизнес те қол­дан келгенше көмектесуде. Мен бұл бастаманы қолдап, әлеу­меттік жауапкершілік танытуға және біздің қоғамның бірлігін көрсетуге шақырамын. Біз бар­лық сынақтан сүрінбей өтеміз. Біз біргеміз!» – деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
Қаржылық көмек пандемия­ға қарсы күреске жұмылған ме­дицина қызметкерлеріне сыйақы беруге, қосымша медициналық бетперделер мен дезинфекциялау құралдарын сатып алуға жұмса­лады. Тағы бір бөлігі елордадағы балалар үйлері мен маман­дан­дырылған ауруханаларды азық-түлікпен қамтамасыз етуге ба­ғыт­талады. Қор басшылығы Нұр-Сұлтан қаласының Қоғам­дық денсаулық сақтау басқар­масына 50 мың медициналық бетперде тапсырды. Кәсіпкерлер де қарап қалған жоқ. BI Group компаниясы дәрігерлер мен медициналық қызметкерлерді қолдау үшін 100 млн теңге бөлді. Компания бас­шысы Айдын Рахымбаев өзінің Facebook-тегі парақшасында:
«Еліміз үшін осындай қиын-қыстау кезеңінде ең ауыр да қауіпті жұмыс біздің дәрігерлерге жүктеліп отыр. Halyk Bank-тің бастамасын қолдап, екі астана­дағы алдағы топта жүрген дәрі­герлер мен медициналық қыз­меткерлерге BI Group командасы 100 млн теңге бөлгенін хабар­лаймын. Қиындық туғанда бі­рігу қазақтың қанында бар ғой. Ортақтасып, күш салсақ, бұл дерт­ті де жеңе аламыз деп ойлай­мын! Сіздерге сенеміз, істеріңізге сәттілік, достар»! – деп жазды.
Болат Өтемұратовтың өзі коронавируспен күреске 1 мил­лион АҚШ долларын бөлсе, Болат Өтемұратов қоры 200 млн теңге аударды. Сонымен қатар Тимур Құлы­баев және Қайрат Боранбаев ко­ро­навирус эпидемиясы салда­ры­мен күреске 1 млрд теңге қа­рас­ты­рыпты. Оған оператор бо­лып Ha­lyk қайырымдылық қоры белгіленді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Біздің кү­шіміз – бірлікте!» – деген сөзі осылай көрініс табуда.  

Айдар ДӘУІТҰЛЫ