Өскеменде опера әншісі такси жүргізіп жүр

Ол жолаушыларды мекенжайына жеткізіп қана қоймай, әуендетіп, классикалық ән орындап береді екен.

Өскемен қаласында опера әншісі, түрлі халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпазы такси жүргізіп жүр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты 24kz-ке сілтеме жасап.

Гастрольге шықпаған әрі дайындықтан бос күндерінде Абзал Ес есімді опера әншісі такси жүргізеді. 

Оның айтуынша, көлік жүргізуі – хоббиі. 

– Көлігіме отырған жолаушыларға классикалық және неополитандық композицияларды орындау әдетке айналған. Халықтың бір табан болсын классикалық әуенге жақындағаны жақсы емес пе?! Біздің театрды бәрі білсе екен деймін. Театрда  әртүрлі жанрдағы мюзикл, оперетта, опералар қойылып жатқан дүние көп. Өте қызықты, соны халық көрсе екен деймін, – дейді ол.

ҚР мәдениет саласының үздігі Жанат Бисембаев Өскемендегі оперетта театры еліміздегі ең жас ұжымдардың бірі екенін жеткізді.

–  Оның құрылғанына небәрі екі-ақ жыл болды. Өнерпаздары қала тұрғындарының көңілінен шығып, жүрегін жаулау үшін осындай қызықты әрі ел ішінде сирек кездесетін тың жобаларды жүзеге асыруда. Біз бәріміз өнердің құлымыз. Сондықтан мен мұны сол бекзат өнерді насихаттаудың тың тәсілі деп түсінемін, – деді ол.