Астанада Қорғаныс министрлігінің Спорт комитеті – Армия орталық спорт клубы биылғы жылдың қорытындысын жасап, жетістіктерімен бөлісті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов биылғы жыл әскер спортының тарихындағы ең нәтижелі кезеңнің бірі болғанын айтты.
– Бұл саладағы жүйелі жұмыстың айғағы ретінде Алматы қаласында әскери-спорт колледжінің ашылуы, әскери қызметшілер арасында қазақ күресінен алғашқы әлем чемпионатының өткізілуі, сол сияқты Ұлттық олимпиадалық комитетпен, Оқу-ағарту министрлігі жанындағы Дене шынықтыру және спорт орталығымен және Моңғолияның қоян-қолтық ұрыс қауымдастығымен меморандумдарға қол қойылды. 2025 жылдың өзінде АОСК-ның спортшылары шамамен 500 медаль олжаласа, оның 234-і – алтын, 140-ы – күміс. Бұл – бапкерлер құрамының жоғары кәсібилігінің, дайындықтың сауатты ұйымдастырылуының және спортшыларымызға тән әскерде шыңдалған мінездің көрсеткіші, – деді авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов.
Бұдан бөлек, беделді халықаралық жарыстар мен республикалық біріншіліктерде жоғары нәтиже көрсеткен спортшыларды марапаттау рәсімі өтіп, жоғары спорттық жетістіктері үшін «Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпазы Ерасыл Қажыбаевқа және Париждегі Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Ислам Сәтпаевқа алғашқы офицерлік «лейтенант» әскери атағы берілді.
«Ел қорғаны» ведомстволық медалімен Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің бас жаттықтырушысы, подполковник Мұрат Бижанов, таэквондодан әлем чемпионы Батырхан Төлеуғали, бокстан әлем чемпионы Ангелина Лукас және 600 шақырымдық ультрамарафонды еңсеріп, Қазақстан рекордын орнатқан сержант Рауан Әбілханов марапатталды.
«Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің үздігі» төсбелгісі қазақ күресі, таэквондо, кикбоксинг және самбодан әлем чемпиондары мен жүлдегерлері Батырхан Қуандықовқа, Нұрдәулет Бақтыбайұлына, Нұржан Тумурзаевқа және Айдар Бескемпірге табысталды. Құқық қорғау және күш құрылымдары арасында өткен самбо чемпионатындағы жеңісі үшін қатардағы жауынгер Санжар Нұрсейіт Қорғаныс министрі атынан грамотамен марапатталды.
Сонымен қатар әскер спортын дамытуға белсенді атсалысып жүрген мемлекеттік органдардың, спорт федерацияларының, бұқаралық ақпарат құралдарының және қоғамдық ұйымдардың өкілдеріне алғыс хаттар табысталды. Спорт комитеті басшылығының шешімімен әлем чемпионаттарында жеңіске жеткен және жүлделі орындарға ие болған үздік спортшыларға ақшалай сыйақы берілді.