Шымкентте бір отбасының 8 мүшесі газға уланды

Оқиға орнына Төтенше жағдайлар департаменті барған.

Шымкент қаласы Абай ауданында бір отбасының 8 мүшесі табиғи газдан уланды, – деп хабарлайды Aykin.kz. Бұл туралы Төтенше жағдайлар департаменті мәлімдеді.

Оқиға орнына Төтенше жағдайлар департаменті және қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының қызметкерлері барды.  Олардың болжамынша, улану себебі – түтіндік мұржаның қауіпсіздік талаптарына сай болмауы. 

– Улану салдарынан сегіз адам ауруханаға жатқызылды. Қазір зардап шеккен азаматтардың жағдайы қанағаттанарлық, барлығы медициналық бақылауда, – делінген қалалық Төтенше жағдайлар департаменті таратқан ақпаратта.

Сондай-ақ өз өміріңіз бен жақындарыңыздың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарап, газ жабдықтарын уақытылы тексертіп, түтіндік мұржаның дұрыс орнатылғанын қадағалауға және үй ішіндегі газ жабдықтарын тексеріп тұруды ескертті.