Әйелдер қанаты – мәртебелі мінбер

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында адалдықтың өлшемін «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатымен айқындап, қоғамды еңбекқорлыққа, кәсіби біліктілікке және шынайы патриотизмге үндеді. Бұл тұжырым – бүгінгі Қазақстанның моральдық-рухани бағытын айқындайтын маңызды ұстаным.

Адалдықтың бастауы ананың ақ сүтімен, әкенің қанымен беріліп, отбасындағы дұрыс бағыттағы тәрбиемен, қоршаған ортаның әсерімен қалыптасады. Әлеуметтік желі да­мыған кезде қоршаған ортаның ұрпаққа әсерін айтпай кету әлемге көз жұма қараумен бірдей. Адал еңбекпен қатар қоғамдық этика дамып, жанашырлық, мейірім ұғымдары бойға сіңіп, еңбекқор ұрпақ тәрбиеленеді. Мемлекет басшысының  жасампаздық, шы­найы патриотизм туралы сөздері Адал адам ұғымын ашатын түйін сөздер. Жасан­дылық, ұрандатып айтылатын әдемі сөздердің іші кеуек, қуыс, тұяғы тез сүрінетін алысқа шаппайтын ат сияқты дүбірі естілгенмен дүмпуі аз. Адал адамның қай фармацияда болмасын қалыптасуына әйелдің рөлі ерекше, ал әділетті мемлекет құрудағы әйелдің әлеуеті жоғары ер-азаматтардан бірде-бір кем емес. Әйелдер  отбасы құндылықтарын сақтай отырып, түрлі салада қызмет атқаруда. Әйелдердің гендерлік теңдік қағидаттарын тұрақты түрде ілгерілетуге, әйелдерді қоғам­дық-саяси және әлеуметтік-мәдени өміріне тарту мақсатында  Парламент Мәжілісінің Төрағасы, «AMANAT» партия­сының Төрағасы Ерлан  Қошановтың бастамасымен әйелдер қанаты құрылып, міндеттер, мақсаттар ай­қындалды. Әйелдер қанатының 10 басымдығы айқындалды.

1. Әйелдердің саяси көшбасшылығын қолдау;

2. Әйелдер зорлық-зомбылыққа қарсы;

3. Инклюзиялық қоғамның дамуына жәрдемдесу;

4. Психологиялық қызмет институтын құруға және қызмет етуіне жәрдемдесу;

5. Өндірістегі әйел;

6. Ауылдық жерде әйелдердің бизнесін дамытуға көмектесу; 

7. Әйелдердің денсаулығын және отба­сы институтын нығайтуға көмектесу;

8. Гендерлік сараптама мен гендер­лік теңдікті ілгерілету;

9. Әйелдердің экономикалық құқықта­рын және мүмкіндіктерін тұрақты кеңейту және дамыту;

10. Ғалым-әйелдер – Қазақстан ғы­лымының көшбасшылары.

Өңірлерде әйелдер қанаты жетекшілері тағайындалып, Түркістан облысынан мені бекітті.

«Әлемнің жарығын сыйладың сен маған» деп әлемге ән салдырған Шәмші елінің, то­пы­рағы киелі, тірлігі жүйелі қасиетті Түр­кістан өңірінің әйелдері «AMANAT» партиясының әйелдер қанаты ер-азаматтардан қалмай ел дамуына үлес қосып, ұрпақ тәр­биелеуде өнеге көрсетуде. Әйелдер қанатының 10 басымдығы бағытында облыста топ же­текшілері және әрбір аудан қалаға белсенді, мықты әйелдерден жетекшілер бекітілді.

Әйелдер қанатының жетекшісі ретінде жыл басынан бері бір ғана менің парақшамда 1115, БАҚ-тарда 225 материал жарық көрді.

Облыста «Әйел аманаты» телебағдар­ламасы іске қосылып, жұмысшыдан бастап танымалдыққа ие болған мықты әйелдер туралы түсірілімдер түсірілуде, әр ай сайын әйелдер қанатының бағыттары осылайша насихатталуда.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауларын насихаттауда әйел насихатшылар санын әйелдер қанаты көбейте түсуде. Үгіт-насихат топтары қатарына аудан, қалалардағы жетекшілеріміз енді.

Ғылымдағы әйелдер тақырыбында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде өткен дискуссиялық алаң­да ғалым әйелдерді толғандыратын та­қы­рыптар талқыланып, ұсыныстар жинақталды.

Жұмысшы мамандықтар жылына орай  өткізілген іс-шаралардың жөні бір басқа. Әйелдер қанаты «Әйел басқаратын кәсіпорын» атты әлеуметтік желіде онлайн пікірлесу өтті. Күні кеше Сайрамда Жұмысшы маман­дықтар жылы қорытындыланып, үздік әйел­дер марапатқа ие болды.

Кәмелетке толмағандарды зорлау ұлты­мыздың қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін  ар-ұятты жиыстырып қою, әлімжеттік мә­селесі мейірімнің азайып, рухани азғында­ғандардың ел ішінде көбеймесе, азаймауы қоғамда алаңдатушылық тудыруда. Әйелдерге психологиялық қолдау мақсатында «Зорлық-зомбылықсыз қоғам» атты форум өткізіліп, қоғамды мейірімге шақырдық. Форумда қа­зақтың  байырғы жолымен ортаға орамал тас­тап, зорлық-зомбылықты азайтуды үндедік. 

Өз қаржыммен түсірілген зорланған қыз туралы «Қошқар атадағы қыз» қысқаметражды фильмім осы форумда көрсетілді.

Зорлық-зомбылықтың алдын алуға арналған брошюралар таратылды.

Әйелдер қанатының «Балаңа уақыт арна» акциясы бойынша, бастауыш партия ұйым­дарында 76 іс-шара өтіп, 300-ден аса пост жарияланды. Әйелдің жанын әйел түсінеді. Әйелдер қанатының аудандағы жетекшілері 8 қоғамдық қабылдау өткізіп, 38 әйелдің проблемасының шешілуіне атсалысты.

Әйелдер қанатының денсаулық сақтау басқармасымен бірлесе ұйымдастырған «Денсаулық керуені» елді мекендерді аралап, «Ерте жүктіліктің алдын алу» семинарларын психолог мамандармен, акушер гинеколог­тармен бірлесіп өткізіп кеңестер берілді.

Ордабасы ауданында және облыстық филиалда банкке 90 күннен аса берешегі бар әйелдерге құқықтық кеңестер беріліп, сот орындаушылармен бетпе-бет шешу жол­дары қарастырылды.

«Әйелдерге қолайлы кәсіпорын» әйелдерді қолдау стандарттары бойынша  15 кәсіпорынға зерделеу жұмыстары жүргізіліп, ұсыныстары­мызды тиісті мемлекеттік органға жолдадық.

«Жетім көрсең жебей көр» деген Арыстағы балалар үйін бітіруші қыздар мен ұлдарға 3 миллионға киімдер, су тасқынынан зардап шеккен Ақтюбедегі Әлия батырдың ауылына  өз отбасымнан 8 млн-ға көмек көрсетілді. 

Сондай-ақ өзімнің депутаттық жұмысым­ның да әйелдер қанатының жұмысына пайдасын көріп жүрмін. Әйелдердің атынан түскен өтініштер ішінде Кентаудағы «Жұлдыз» балабақшасының күрделі жөндеуіне бөлінген 478 млн теңге, Ы.Алтынсарин балалар кі­тапханасы ересек кітапханаға қосылып кетпесінші деген әйелдердің сұранысына 500 млн теңге бөлінгені депутаттық сауалым­ның  орындалуының арқасы. 

Астана қаласында өткен «Тең мүмкін­діктер» спорттық фестивалінде «Ордабасы» командасы спорттың «Жеңіл атлетика» түрінен жүлделі ІІ орынды иемденді. 

Облыстық әйелдер қанатының инклюзивті қоғамның дамуына жәрдемдесу бағыты бойынша жетекшісі Рухабза Халдарбектің ұйымдастыруымен облыста бірінші рет «Дара ұрпақ» инклюзивті театры ашылып, ерекше балаларға жаңажылдық сыйлық табысталды.

Әйелдер қанаты заңнамаларға өзгерістер енгізу бойынша  Қылмыстық кодекстің 121-бабы 1-тармағына, Сайлау туралы заң­ның 97-1 бабының 5-тармағына, Мемлекеттік әлеуметтік медициналық сақтандыру бойын­ша 22 ұсыныс жолданды.

Әйелдердің саяси көшбасшылығын қолдау бойынша 100 белсенді әйелдің тізімі аудан қала әкімдерімен бірлесе зерделеніп, базасы жасақталды. Облыстық филиал жанынан «Бөрте» әйелдердің саяси көш­басшылық мектебі ашылды. Мектеп науқан емес тоқсан сайын оқу күнтізбелік жоспармен жұмыс істеп жатыр.

Әйелдер қанатының мақсаты – гендерлік проблемаларды шешуге белсенді атсалысатын мүдделі қоғамдық-саяси күштерді ел дамуы­ның стратегиясына бағытталған адами капиталды қолдайтын бір мақсатқа біріктіру арқылы гендерлік теңдікті қамтамасыз ету. Бұл – жүйелі еңбек пен үлкен жауапкершілікті қажет етеді.  Бүгінде әйел – ғалым, дәрігер, құрылысшы, мемлекеттік қызметкер, сан түрлі мамандық иесі, өз ісінің маманы, ең бастысы дүниеге ұрпақ әкелуші аяулы ана. Әйелдің тағдырын әйел тез түсінеді. Әйелдер жасаған талдаулар, зерделеулер  өте тиянақ­тылықпен ерекшеленеді. Әйелдің жанының нәзіктігіндей  бастаған  идеялар да икемді, орындалу мүмкіндігі жоғары.

Әйелдер қанатының әлеуетін толық пайдаланып, жаңа жобаларды жүзеге асыру, жастармен және көпбалалы отбасылармен жұмысты күшейту, сондай-ақ азаматтық бастамаларды қолдау бағытындағы жұмыстар жалғасын табатын болады. Әйелдер қанаты партияның гендерлік саясатын жүзеге асыруда азаматтық қоғамды жұмылдыруға әрекет етеді.

Қалыйма ЖАНТӨРЕЕВА,

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық

филиалы атқарушы хатшысының орынбасары,

облыстық әйелдер қанатының жетекшісі