Ауыл әкімдерінің жұмысы пысықталды

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев Сайрам ауданындағы Ақсукент ауыл округі әкімдігінде Манкент, Ақсукент және Қарасу ауылдық округтерінің әкімдерімен, сондай-ақ аудандық мәслихат депутаттарымен кездесті.

Кездесуге Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Руслан Мұздыбаев, «AMANAT» партиясының Сайрам аудандық филиалының атқарушы хатшысы Қуаныш Сыздықов, аудандық мәслихат депутаттары және аталған ауыл округтерінің әкімдері қатысты.

Жиында сөз алған Алтынсары Үмбет­әлиев партияның сайлауалды бағдарла­масының орындалу барысына жан-жақты тоқталып, ауыл тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған нақты индикаторлар мен міндеттердің іске асу деңгейін атап өтті. Партия үшін сайлауалды бағдарлама жай ғана құжат емес, нақты жауапкершілік пен өлшенетін міндеттер екенін жеткізді.

– Әрбір ауылдық округ әкімінің жұмысы партия бағдарламасында белгіленген міндеттермен тікелей сабақтас болуы тиіс. Халыққа берілген әрбір уәде міндетті түрде орындалуы қажет. Бүгінде ауыл-аймақтарда әлеуметтік мәселелер, инфрақұрылым және ауызсу мәселесі өзекті болып отыр. Осы бағытта ауыл әкімдері жергілікті атқа­рушы органдармен тығыз байланыста, үйлесімді жұмыс істеуі тиіс. Елге берген уәденің үдесінен шығу – басты міндет, – деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.

Бұдан кейін филиал төрағасы ауыл округтері әкімдерінің есептерін тыңдап, көтерілген мәселелер бойынша нақты ұсыныстарын білдірді.

Манкент ауылдық округінің әкімі Хикмат Ирисметов жыл басынан бері атқа­рылған жұмыстар туралы баяндады. Манкент және Аққала елді мекендерін қам­­титын ауылдық округте 35 мыңнан астам тұрғын бар. Халықтың басым бөлігі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен, сауда-саттықпен және кәсіпкерлікпен айналысады. Қазір округ аумағында 31 ірі және шағын мал бордақылау фермасында 14 400 бас ірі қара бордақылануда. Биыл округ фермерлері 3 800 тоннадан астам ет өнімін Шымкент, Алматы, Астана қалала­рына және еліміздің өзге өңірлеріне жө­нелт­кен. Сонымен қатар округ әкімі тұр­ғын­дарды толғандырып отырған басты мәселенің бірі тұрғын үй екенін атап өтті. Бүгінде тұрғын үй кезегіне 7 500 азамат өтініш берген.

Ал Қарасу ауылдық округінің әкімі Абдиманат Бурбеков сайлауалды бағдарла­масы аясында жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Қарасу ауылдық окру­гіне қарасты 8 елді мекенде 26 860 тұр­ғын тұрады. Округтің жалпы жер көлемі 10 560 гектарды құрайды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында Қарасу ауылдық округінен СПК «Аят-Агро» кооперативі 2,5 пайыздық жеңілдетілген мөлшерлемемен 29,5 млн теңге несие алып, нәтижесінде 42 адам қосымша жұмыспен қамтылған. Халқы тығыз орналасқан округ тұрғында­ры­ның басты мәселесі – ағын су тапшылығы екені ай­тылды. Алтынсары Дүйсенбекұлы бұл мә­се­лені шешу жолдарын бірлесе қарас­ты­рып, жүйелі жұмыс жүргізу қажетін атап өтті.

Кездесу барысында жуырда сайланған Ақсукент ауылдық округінің әкімі Мұрат Оразбаевтың алдағы қызметіне сәттілік тілеп, бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді. Сонымен қатар жастар кәсіпкерлігін дамытуға және еңбек адамының беделін арттыруға бағытталған жұмыстарды күшей­туді тапсырды.

Барлық ауыл округі әкімдерінің баянда­маларын тыңдаған облыстық партия фи­лиалының төрағасы бірқатар мәселеге сын­дарлы баға беріп, кемшіліктерді ашық атап өтті. Әлеуметтік мәселелерді шешуде партиялық бақылау тетіктерін тиімді пайда­лану жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді. 

Сонымен бірге партия атынан сай­ланған аудандық мәслихат депутаттарына сайлау­алды бағдарламада көзделген мін­деттердің орындалуына белсенді атса­лысуды, тұр­ғындардың мәселесін жүйелі түрде тыңдауды және аудандық партия филиалымен тығыз өзара іс-қимыл орна­туды тапсырды.

Жиын «AMANAT» партиясының жергілікті жерлердегі жұмысының ашық­тығын, есептілік пен жауапкершілік қағи­даттарын тағы бір мәрте айқындады. Партия үшін басты мақсат  халықтың тұрмыс сапасын арттыру, ал сайлауалды бағдарлама осы мақсатқа жеткізетін нақты Жол картасы екені баса айтылды.

Елнар ЕЛТАЙ