2025: көпке қол жеткен кезең

Түнеугүні Геннадий Головкин мен Криштиану Роналдудың бірге шүйіркелесіп тұрғаны таспаланған бейнеүзік әлеуметтік желіні кезіп кетті.

Содан-ақ қазақтарды, қазақ спортын күллі әлем танып жатқанын аңғарасыз. Оған «Қайраттың» Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде доп теуіп, қақпашы Темірлан Анарбековтің «Интер» шабуылшыларын тығырыққа тірегенін қосыңыз. Расымен, биыл ел спорты үшін елеулі жыл болған сыңайлы. 

Әлемді билеген қазақ боксы

Иә, 2025 жылдың спорт жылнамасын рет-ретімен жазайық. Алдымен, IBA 8-17 наурыз аралығында Сербияның Ниш қаласында бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионатын ұйымдастырды. Сонда үш алтын, екі күміс, бір қола еншіледі. Кейінірек, күзде World Boxing ұйымы Ливерпульде ӘЧ өткізіп, ел құрамасы жеті алтын, бір күміс, екі қола медаль алды. Соның ішінде Алуа Балқыбекова (-51кг) мен Аида Әбікеева (-65 кг) қатарынан екі рет әлем чемпионы атанса, Наталья Богданова (-70 кг) Ниште алған қоласын Англияда алтынға айырбастады. Бұл жолы Назым Қызайбай (-48 кг) күміс еншілегенімен, көктемде үш дүркін әлем чемпионы атанған-ды. Білсеңіз, еліміздегі бірде-бір былғары қолғап шеберінде мұндай атақ жоқ. Осылайша, Назым төзімнің, мойымаудың, тұрақтылықтың көрсеткішіне айналды. 

Жүлдесіз қалдырмаған жыл

Қазақстанда Назым Қызайбайдан кейін тұрақты жүлде алып жүрген кім десеңіз, әрине, ол – Әбиба Әбужақынова. Татамиде тайсалмай жүрген батыл қыз барған жерінен жүлдесіз қайтқан емес. Биыл 13-30 маусым аралығында Будапештте өткен ӘЧ-де күміс медаль алып, ел мерейін өсірді. Олай дейтініміз, Әбиба – әлем чемпионатының финалына шыққан тұңғыш қазақ қызы. Ол-ол ма, биыл талантты ару Халықаралық дзюдо федерациясының қорытынды рейтингінде көш бастап, 4 596 ұпай жинады. Бұл – оның татамиде төккен тері мен әр турнирден бос қайтпайтын қайсар мінезінің арқасы. 

Абибаның бозкілемде бұлқына жылаған сәтінен соң, семсерлесушілер де аянып қалған жоқ. Олардың Париж Олимпиадасында да ерлегені есімізде. Биыл ұлттық құрама өкілдері алғаш рет әлем чемпионатының тұғырына көтерілді. Руслан Курбанов, Вадим Шарлаимов, Эльмир Әлімжанов және Кирилл Проходов қола медаль жеңіп алып, аталған спорттағы жаңа тарауды ашты. 

Айдостың тарихи алтыны

Жаңа тарау демекші, грек-рим шебері Айдос Сұлтанғали – жаңа ғасырда әлем чемпионы атанған алғашқы қазақ. Ол Хорватияның Загреб қаласында өткен әлем біріншілігінде топ жарып, 60 келіге дейінгі салмақтың мықтысына айналды. Бұдан бұрын балуанға жаһан додасының екі рет қоласы бұйырған-ды. Өзі де сан мәрте «әлем чемпионатын бағындырсам» деген еді. Естеріңізде болса, бұған дейін грек-рим шеберлері 1999 жылы ӘЧ-нің алтынын алған-ды. Сондықтан Айдос алған тарихи алтынның жолы да, жөні де бөлек. 

Сұлтанғалидан басқа еркін күрестен ересектер арасындағы әлем чемпионатында Асылжан Есенгелді (61 келіге дейін), Нұрқожа Қайпанов (74 келіге дейін) және Ризабек Айтмұхан (97 келіге дейін) қола жүлдеге қол жеткізді. Ал жастар арасындағы әлем чемпионатында Едіге Қасымбек чемпион атанса, Шұғыла Өмірбек те өз салмағында үздік атанды. 

«Қайрат» қайратын көрсетті

Әуелде, «Қайрат» клубының Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңіндегі жорығы басталғанын білдік. 8 шілде күні «Олимпияға» қарсы ойнап, 15 шілде іріктеудің екінші кезеңіне өткеніне куә болдық. Содан финляндиялық «КуПС-ты» жеңіп, камбэк жасағанында мойын бұрып, бір жақсылықтың боларын сезгендей қобалжыдық. «Слованға» қарсы ойында қақпашы Заруцкий пенальти тоспағанда не болар еді?! «Селтикпен» өткен матчта да қақпасына шаң жуытқан жоқ. Осылайша, Тапалов бастаған өрендер Глазгода тіресіп, 120 минут бойы дес бермеді. Артынша Алматыда ЧЛ-дың жалпы кезеңі тағдыры шешілді. Бастапқыда жас қақпашы Темірлан Анарбеков не істер екен деп кібіртіктеп қалғанымыз бар. Алайда жас талант 0:0 есебін сақтап тұрғанымен қоймай, үш пенальтиді қайтарып, «Қайратты» дүлдүлдер бәсекесіне алып шықты. Сөйтіп, араға 10 жыл салып, қазақ баласы ЧЛ-дің жалпы кезеңінде доп тебетін болды. Сол түні Алматының ұйықтамағанын, Алатау «Қайрат» деп ән салып тұрғанын есіңізге түсіріңіз. 

Осы эмоцияны сезініп үлгермей жатып, Монокодан сүйінші хабар жетті. Алматыға «Реал Мадридтің» ат басын бұратынын естіген ел бөркін аспанға атты. Межелі күні қымбат сөмкесін асынып Мбаппе, Беллингем бастаған жігіттер аэропорттан түсті. Олар Қазақстанға келгенін естіп, 5 мыңнан астам турист Алматыға ағылды. Матч билеті ресми сайтта 30-250 мың теңгеге сатылса, алыпсатарлар бағаны 500 мыңнан 1,5 миллион теңгеге дейін көтерді. 28-30 қыркүйек арасында туристер қала қазынасына орта есеппен 7-8 млн доллар қаржы құйған деседі. Оған алыс-жақын шетелдегі басылымдардың «Қайрат» жайлы, Қазақстан жайлы жазған мақаласын қосыңыз. Қонақжай қазақтың әлеуметтік желіде де «Реал Мадридтті» барынша «күтіп алғанын» білеміз. Толассыз лүпіл басып, пікір жазды. Ықыласты сезген мадридтіктер әлеуметтік желіге «Қайрат» пен Алматы жайлы әдемі бейнеүзік жариялады. 

Бұл үрдіс қазақ жанкүйерлерін футбол әлеміне кеңінен таныстырды. Аудиторияны зерттеген кей клуб қазақша пост жазып, тегін «ықыласқа» бөленудің кілтін тапты. Мысалы, жалпы кезеңде «Қайратқа» қарсылас атанған «Интер» де, «Олимпиакос» та қазақ тілінде жазба жариялап, қазақша ән қойды. Тіпті, жақында «Копенгагенге» барған қайраттықтар қайран қалды білем. Аталған клуб өкілдері «Қайрат» жанкүйерлеріне кәдесый дайындап, стадионда қазақша музыка қойды. 

Әрине, «Қайрат» дегенде қақпашы Темірлан Анарбековті айтпаса болмас. ЧЛ-дің жалпы кезеңінде 26 сейв жасап, көш бастап тұрғаны тағы бар. «Олимпиакосқа» қарсы матчта сегіз рет қауіптің бетін қайтарып, капитан ретіндегі міндетін де абыроймен алып шықты. Осылайша, элиталы турнирде MVP (матчтың үздік ойыншысы) атанған тұңғыш қазақ баласы атанды. Айтпақшы, Чемпиондар лигасында гол соққан тұңғыш қазақ кім десеңіз, ол – Дастан Сәтпаев. 17 жастағы өрен әлемге жас жұлдыздың туып келе жатқанын, өзін «Челси» клубы тегіннен-тегін қатарына қосқысы келмегенін дәлелдеп берді. Сөйтіп, 2025 жылы қазақ футболының жаңа дәуірі басталып, жас таланттардың елге танылған жылы болды. 

Бейбарыстың биігі

Биыл спортшылар әлем чемпионатында барын салды. Соған сай тарихи медаль алып, тосыннан қуантқандар жетерлік. Мәселен, таэквондодан Қытайдың Уси қаласында өткен ересектер арасындағы әлем чемпионатында Нодира Ахмедова мен Айдана Құмартаева қола жүлде иеленді. Бұдан бұрын қазақстандық таэквондошы қыздар әлем чемпионатында 2007 жылы медаль алған еді. Көп өтпей жастар құрамасынан да сүйінші хабар жетті. Кенияда өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында Бейбарыс Қабылан (87 келіден жоғары) мен Батырхан Төлеуғали (87 келіге дейін) алтын медаль жеңіп алды. Осылайша, Бейбарыс Қабылан таэквондодан әлем чемпионатында алтын алған алғашқы қазақ атанды. Сондай-ақ Тамерлан Тілеулес (63 келіге дейін) қола жүлдеге қол жеткізді. 

Елена ерледі

Қазақстандық теннис жұлдызы Елена Рыбакина 2024 жылғы дағдарыс кезеңінен кейін, ес жиып, қайта өрлей бастады. Бапкер төңірегіндегі келеңсіздікті артқа тастап, Эр-Риядта (Сауд Арабиясы) өткен WTA қорытынды турнирінің финалында әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенконы екі сетте де жеңді. Ел тарихында аталған турнирде әйелдер арасында жекелей сында жеңіске жеткен алғашқы теннисші атанды. Одан бөлек, осы жеңісі үшін 5 млн 235 мың доллар сыйақы алды. Осылайша, теннисте қомақты жүлде алған бірінші ойыншы ретінде Гиннес рекордтар тізіміне енді. 

Қысқы спорттағы самғау

Биыл қысқы спорт түрлері үшін де айрықша жыл болды. Әсіресе, мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров маусымды табысты өткізіп, бірнеше рет жүлдегер атанды. Ол Харбиндегі Азия ойындарында қола медаль иеленіп, Оңтүстік Кореяда өткен Төрт құрлық чемпионатында жеңіске жетті. АҚШ-тың Бостон қаласында өткен әлем чемпионатында күміс жүлде алып, алдағы Олимпиадада фавориттердің қатарынан көрінетінін дәлелдеді. Сөйтіп, 2026 жылы Миланға жол тартатынын, айтулы додада барын салатынын дәлелдеді. Аталған әлем чемпионатында Софья Самоделкина да Олимпиада жолдамасын иеленді.

Харбиндегі Азия ойындары демекші, сол сында отандық шорт-трекшілер тарихта алғаш рет алтын медаль жеңіп алды. Ерлер эстафетасында Денис Никиша, Абзал Әжіғалиев, Әділ Ғалиахметов, Глеб Ивченко, Мерсаид Жақсыбаев, Айбек Насен чемпион атанды. Ел мерейін асырған ұландарды жанкүйерлері қуанышпен қарсы алды. 

Кейінірек Бейжіңде өткен әлем чемпионатында Денис Никиша 500 метрде күміс жүлдеге ие болды. Сонымен қатар 1000 метр қашықтықта Әділ Ғалиахметов финалға шықса, әйелдер құрамасы да эстафеталық сайыста ақтық сынға шықты.

Ал Алина Әжғалиева жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында триумф жасады. Үш бірдей медаль жеңіп алып, тарихи көрсеткіш көрсетті. Шорт-трекші әйелдер эстафетасында екінші орынға ие болса, 1000 метрлік қашықтықта және аралас эстафетада тағы екі қола медаль еншіледі. 

Конькимен жүгіру спортынан Евгений Кошкин 500 метр қашықтықта Әлем кубогы кезеңдерінде екі рет алтын, бір күміс және бір қола медаль жеңіп алды. Оған қоса, әлемдегі ең жылдам екпін алатын спортшылардың бірі атануға бір қадам жетпей қалғаны тағы бар. Мүмкін, Евгений алдағы ақ Олимпиадада аталған рекордты жаңартатын болар... 

Қош, 2025 жыл спорттағы жарқын естеліктермен есте қалды. Расымен, Қазақстан Ұлттық олимпиада комитетінің жетекшісі Геннадий Головкиннің World Boxing президенті болып сайлануы да – жыл жаңалығы. Осыған дейін бірде бір қазақстандық әлемдік ұйымның төрағасы болған емес. Демек, ел спортының серпін алар, биікке қанат жаяр кезеңі жақын. Алда Миланда өтетін XXV қысқы Олимпиада ойындары келе жатыр. Жаһан додасында спортшыларға сәттілік тілейміз. Әнұран әуелеп, жүлде сыңғыры жиі естілетін жыл болсын! 

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ