Павлодар облысындағы ауыл мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Игорь Гноевой әлеуметтік желілерде танымалдылыққа ие болып, ТМД елдеріндегі миллиондаған көрерменнің назарын аударды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Жетінші арнаға сілтеме жасап.
Ол білім берумен қатар, танымдық әрі ойын-сауықтық видеоконтент жасап, жас мамандарға шабыт беріп келеді.
Игорь Гноевой ауыл мектебінде 10 жылдан бері қызмет етеді. Бастапқыда неміс тілі пәнінің мұғалімі болуды мақсат тұтқанымен, бұл мамандыққа сұраныс болмаған соң, бастауыш сыныпқа ауысқан.
Соңғы екі жылда оның әлеуметтік желідегі парақшасы 350 мың жазылушы жинап, бейнероликтері миллиондаған қаралымға ие болған. Автор барлық контентті ата-аналардың келісімімен жариялайды.
"Кейбір мұғалімдер қағазбастылықтан толыққанды жұмыс істей алмайды. Ал мен үшін бастысы — сабаққа дайындық пен шығармашылық. Мен есепші де, кадр қызметкері де емеспін, мен мұғаліммін. Ішкі құлшынысыммен балалармен жұмыс істегенді қалаймын",-дейді Игорь Гноевой.
Оның айтуынша, контент тек білім берумен шектелмейді. Блогер-мұғалім психологиялық ойларын да бөлісіп, әсіресе жас педагогтерге қолдау көрсетуге тырысады.
"Жастар, ата-аналар, әжелер – бәрі қарап, пікір білдіріп жатыр. Менің бейнематериалдарым тек оқыту емес, педагогтың ішкі әлемі, оның кәсіби болмысы туралы", – дейді ол.