"Instagram-нан Жаңа жылға шырша сатып аламын" деген келіншек алаяққа жем болған

Ол әлеуметтік желі арқылы шырша сатып алмақ болған.

Қосшыда жаңажылдық шырша сатып алмақ болған жергілікті тұрғын алаяқтың тұзағына түсіп, ақшасынан қағылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Бұл туралы Ақмола облысы полициясынан хабарлады.

Олардың мәліметінше, құқық қорғау органдарына сұлулық салондарының бірінің қызметкері жүгінген. Ол әлеуметтік желі арқылы шырша сатып алмақ болған. Сөйтіп, Instagram-нан шырша сатылатыны туралы жарнама көрген. Сатушы өнімнің жоғары сапасы мен тез жеткізу қызметіне кепілдік берген. Хат алмасудан кейін әйел оған 160 мың теңге аударған. 

Кейін әйел тапсырыстан бас тартпақ болып, қолма-қол ақшасын қайтару үшін сатушымен байланысуға тырысады. Алайда  төлемді алған сатушы оның қоңырауына жауап бермей, ақша кері қайтарылмаған. 

Аталған фактіге сәйкес "Алаяқтық" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Полицейлер болған оқиғаның барлық мән-жайын және қаскүнемнің жеке басын анықтап жатыр.

Құқық қорғау органдары Жаңа жыл қарсаңында азаматтардың онлайн-сатып алу кезінде аса сақ болуы керегін, тексерілмеген сатушыларға ақша аудармауын және мүмкіндігінше ақшаны қайтару кепілдігімен ресми дүкендер мен қызметтерді пайдалануы қажеттігін еске салады.