Қазақстанның агроөнеркәсіп өнімдері 70 елге экспортталады

Биыл диқандарымыз 27 миллион тонна астық жинап, ел қамбасын толтырған.

Қазақстанның агроөнеркәсіп өнімдері 70 елге экспортталады. Оның жалпы құны 5 миллиард доллардан асады, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Отандық агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін нығайту, оның ішінде аграрлық саланы дамыту – мемлекеттік саясаттың стратегиялық басымдықтарының бірі.

– Президент атап өткендей, «Ауыл шаруашылығын дамыту мәселесіне ауыл-аймақтарды, яғни бүкіл елді дамыту деп қараған жөн». Мемлекет басшысы қараша айында өткен Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің ІІ форумында мал шаруашылығын дамыту, ауылшаруашылық жерлерін оңтайлы пайдалану, судың тиімділігін арттыру, ирригациялық жүйелерді жаңғырту, агроөнеркәсіпті қаржыландыру тәсілдерін жетілдіру, саланы цифрландыру, өнімді терең өңдеу секілді бірқатар негізгі міндеттерді айқындады, – деп жазды Президентінің көмекшісі – Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай өзіңнің Telegram арнасында.

Оның мәліметінше, жыл басынан бері аграрлық саладағы негізгі капиталға құйылған инвестиция 20 пайызға ұлғайып, 790 миллиард теңгеге жетті. Соңғы үш жылда еңбек өнімділігі 37,3 пайызға артты. Биыл елімізде алғаш рет ауыл шаруашылығына жеңілдікпен берілген несие көлемі 1 триллион теңгеден асты. Оның үстіне, бүгінде ауылшаруашылық техникаларына ішкі сұраныстың 90 пайызын отандық өндіріс қамтамасыз етеді. Еліміздегі 10 зауытта әлемге белгілі брендтердің 19 түрлі техникасы құрастырылатын болған.