Цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту бойынша атқарылған ауқымды істер

Қазірдің өзінде 440 мыңнан астам студент ЖИ саласын меңгерді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елдегі цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту қолға алынып, қыруар істер атқарылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Бұл туралы Қазақстан Президентінің көмекшісі – Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Telegram арнасында жазды.

– Президент биылғы Жолдауында Қазақстанды алдағы үш жылдың ішінде толық цифрлық мемлекетке айналдыру жөнінде стратегиялық міндет қойған. Сонымен қатар еліміздің цифрлық экожүйесін қалыптастыру аясында Президент тапсырмасымен қыруар шаруа атқарылды. Атап айтсақ, «Жасанды интеллект туралы» заңның қабылдануы – аталған саладағы жаңалықтың бірі. Осылайша, Қазақстан ЖИ саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеуге заң жүзінде негіз қалаған әлемдегі алғашқы елдердің қатарына енді. Оған қоса, биыл осы саладағы мемлекеттік саясатты үйлестіру мақсатында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды, –  деп жазды ол. 

Оның мәлімдеуінше, Президент шілде айында Астанада Аlemcloud ұлттық суперкомпьютерін ресми түрде іске қосты. Қараша айындағы тестілеу нәтижесінде аталған жүйе суперкомпьютерлердің әлемдік TOP-500 рейтингінде 86-орынға ие болды. «Қазақтелеком» АҚ Алматыға екінші Al‑Farabium суперкомпьютерін жеткізіп, жаһандық рейтингте 103-орынға табан тіреді.

– Президент, ең алдымен, білікті мамандар даярлауға баса мән беру қажет деп санайды. Сондықтан елімізде ЖИ саласындағы арнаулы зерттеу университетін құруды ұсынды. Сөйтіп, Астанада Alemai халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылды. Студенттерге арналған AI-Sana бағдарламасы басталды. Сол арқылы қазірдің өзінде 440 мыңнан астам студент ЖИ саласын меңгерді. Жасанды интеллект саласындағы алғашқы қазақстандық «сыңармүйіз» стартап – Higgsfield AI пайда болды. Бұл да айтулы оқиға, –  деді ол.