Ақтөбе облысында жасөспірімдер арасындағы қайғылы оқиғаға қатысты үкімге өзгеріс енгізілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бұған дейін 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылған үш сотталушы – Б., М. және Т. шартты жазаға ауыстырылды. Бұл шешім Ақтөбе облыстық апелляциялық сот алқасының қаулысымен қабылданды.
Сот баспасөз қызметінің мәліметінше, апелляциялық шағымды жәбірленуші тарап пен оның адвокаттары, сондай-ақ сотталғандар мен олардың заңды өкілдері берген. Шағымды қарау барысында келесі жайттар ескерілді:
Сотталғандардың барлығы кәмелетке толмаған. Олар өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне шын жүректен өкініш білдірген. Сонымен қатар жәбірленуші тараппен медиациялық келісімге қол жеткізілген. Жәбірленуші тарап соттан жазаны жеңілдетуді сұрап, тиісті өтініш білдірген.
Осы себептерге байланысты сот алқасы Қылмыстық кодекстің 63-бабы негізінде үкімді өзгертіп, жазаны шартты түрде өтеу туралы шешім шығарды. Үкімнің басқа бөлігі күшінде қалды. Апелляциялық қаулы заңды күшіне енді.
Еске салсақ, бұл іс Ақтөбе облысы Темір ауданының Қопа ауылында болған. Онда 11 және 10-сынып оқушылары 9-сыныпта оқитын балаларды ауыл сыртындағы монша маңына жинап, ұрып-соққан. Салдарынан бір оқушы оқиға орнында көз жұмған еді.