Абай облысы Бестерек ауылында балалардың өлімімен аяқталған жол-көлік оқиғасына қатысты сот үкімі шықты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Еске салайық, биыл тамыз айында жүргізуші үйінің ауласында ойнап жүрген бір топ баланы қаққан. Салдарынан 2 жастан 7 жасқа дейінгі төрт бала қаза тауып, тағы екі бала жарақат алды.
Тергеу барысында 55 жастағы жүргізушінің эпилепсия диагнозымен медициналық есепте тұрғаны және оның көлік жүргізуге заң жүзінде құқығы болмағаны анықталды. Соған қарамастан ол 2020 жылы медициналық комиссиядан өтіп, жүргізуші куәлігін қайта алған. Ал туыстары бұған дейін оның денсаулығында тек жеңіл құрысулар ғана болғанын айтып, ауыр ұстамалар болмағанын алға тартқан.
Қайғылы оқиғадан кейін зардап шеккен балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету үшін өңірге дәрігерлер жіберілді. Сондай-ақ жергілікті билік қаза тапқан балалардың отбасыларына материалдық және әлеуметтік қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.
Жүргізуші өз кінәсін мойындады. Үкімге сәйкес, ол жалпы режимдегі колонияда 9 жылға бас бостандығынан, 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылды.