Астана қаласында Жаңа жыл қарсаңында ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері балалар үйлері мен әлеуметтік мекемелерге барып, тәрбиеленушілерге мерекелік көңіл күй сыйлап, оларға жаңажылдық сыйлық тарту етті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы, генерал-майор Аңсаған Балтабековтің атынан балаларға генерал-майор Қайрат Үмбетов құттықтау сөз сөйлеп, бүлдіршіндерге зор денсаулық, оқу-білімде табыс тіледі.
Өнерпаздардың орындауында көпшілікке танымал жаңажылдық әндер, соның ішінде ерекше мерекелік көңіл күй сыйлаған Jingle Bells композициясы шырқалды. Бұдан бөлек, мерекелік концерт Астана қаласы әкімдігінің «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында да өтті. Әскери қызметшілер мекеме қамқорлығындағы жандарға арналған музыкалық нөмірлер мен жылы лебіздерін арнап, ерекше мейірім мен қамқорлық атмосферасын қалыптастырды.
Мереке қарсаңында балалар үйлері мен әлеуметтік мекемелерге бару Ұлттық ұланның игі дәстүріне айналған. Мұндай шаралар өмірде қиын жағдайға тап болған балаларды қолдауға, сондай-ақ мейірімділік, өзара қолдау және әлеуметтік жауапкершілік құндылықтарын нығайтуға бағытталған.