Наурыз айы туғанда
Наурыз айы туғанда
Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет әз-Наурыз мейрамы биыл жалпы­мем­лекеттік дең­гейде жаппай тойланбай қалғалы тұр. Қазіргі кезде қалаларда да Наурызға сай безендіру, құт­тықтау жазылған баннерлер көзге түспейді. Бұған ко­ронавирус, соған орай енгізілген ТЖ және ка­рантин себеп болғаны түсінікті. Бас қалада бастамашыл топ «Наурызды үйіңде той­­ла» атты челлендж бастап, елге үндеу тастапты: мил­­лиондаған аудиториясы бар психолог, бло­гер Құралай Ошақбаева қазақстандықтарды Нау­рызды тек үйде тойлауға шақырды. Бұл туралы елор­да әкім­дігінің сайты хабарлады.
– Қазақстанда және әлемде коронавирустың та­­­ралуы көктемгі жаңару күнін тойлаудың әдеттегі фор­­­матына өзгерту енгізуде. Белгілі себептерге бай­­­­ла­­нысты қонақ қабылдаудан және бұқаралық ме­ре­келік ша­ралардан бас тарту керек. Кездесу-қауы­шуды азай­тып, құттықтау мен тілекті телефонмен ал­мас­қан жөн. Бұл сүйікті мерекемізді аяқасты ету­ді, еле­меу­ді біл­дірмейді. Наурыздың дәстүрлі түрде той­­лану тәсі­лін өз қауіпсіздігіміз үшін сәл өзгерту ке­рек. Мен «Нау­рыз­ды үйде тойла!» челленджін бар­лық отан­дастарға жол­даймын! – дейді блогер.
Қазақстанда большевиктер билігі түпкілікті орнаған 1926 жыл­­дан 1988 жылға дейін Нау­рызды бүкілхалықтық мереке ре­тінде атап өтуге тыйым салынғаны мәлім. Кеңес Одағы тоқыраған 80-жылдар соңына қарай хал­қымыз Ұлыстың ұлы күнін еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бір­ліктің мейрамы ретінде қайта мерекелей бастады. Ақыры 1991 жылы Тұңғыш Пре­зидент Нұрсұлтан Назар­баевтың арнайы Жарлығымен әз-Наурыз мемлекеттік мерекеге айналды. Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков Наурыз мерекесін адамдар тіпті сұрапыл соғыс жүріп жатқан кезде де тойлағанын еске түсірді.
– Наурызды тойлау – балалық шағымнан есте қалған жарқын мезет. Сол заманда ел жағдайы нашар, тамақ та жетіспейді. Соғыс жүріп жатқан ауыр шақ. Соның өзінде халық бұл мерекеге ерекше дайындалатын. Қыста мал Мойын­құм даласына жіберіледі. Ұялы телефон деген жоқ. Көлік қатына­майды. Малшылар көктемде бір-ақ қайтатын. Елмен қауышып, арқа-жарқа табысып жататын. Наурыз мерекесі әзіл-қалжыңы­мен, ұлттық ойындармен есімізде сақталды, – дейді ғалым.
 

Қайта оралар қазағымның дәстүрлері-ай

Вакцинаның енгізілуімен, ін­детке қарсы адамзатта иммуни­теттің пайда болуымен кез келген эпидемияның дәуірі бітеді. Сонда ЮНЕСКО ай мен күндей әлемге бірдей адамзаттың ортақ қазынасы деп таныған бұл мереке де қазақ еліне қайта оралары сөзсіз. Осы орай­да, мемлекет тарапынан Нау­рыз мейрамын мерекелеудің жаңа тұжырымдамасы әзірленіп отыр. Әйтпесе, бұған дейін әр өңір әр­түр­лі атап өтетін. Тек тігілген киіз үйлер, құрылған алтыбақан, ме­ре­келік концерт пен ұлттық киім­дер оның өзге мейрам емес, әз-Наурыз екенін аңғартатын. Билік бүкіл­халықтық думанды бірегей­лік­ке, бір қалыпқа келтіруге ниетті.    width= Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Ғабидулла Оспан­құлов Ұлыстың ұлы күні көпэт­носты қоғамды топтастырушы рөлімен қымбат, құнды екенін баса айтты. Билік осы қырына басым­дық бермек.
– Наурызды тойлаудың негізгі мақсаты – бейбітшілік пен дос­тықты нығайту, өзге этностарды қазақ ұлты айналасында ұйыстыру, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, қоғамды қоршаған ортаға ұқыпты қарауға тәрбиелеу. Осы жылдары оны атап өтудің түрлі тәжірибесі, сан алуан форматы қалыптасты. Әр өңір әртүрлі шара өткізеді. Енді соны бірізге келтіріп, тәжірибелер мен дәстүрлерді бір арнаға түсіріп, үздік үлгілерін кешенді ұсынып отырмыз, – дейді вице-министр.
Жаңа тұжырымдамаға сәйкес, бұл мерекені 14-22 наурыз аралы­ғында өткізудің жаңа тәртібі енгі­зілмек. Қазақстанның қоғамдық даму институты жанындағы Руха­ни жаңғыру орталығының басшы­сы Жанар Бұқанова Наурызды мерекелеудің сахналық, фольклор­лық сипаты үстем болып кеткенін, танымал ғалымдар мен этно­граф­тар мейрамның бұл тұрпатын сынға алып жүргенін алға тартты. Сол себепті мереке мазмұны руха­ни жаңғыру басымдықтарымен толықтырылмақ.
– Сондықтан жаңа тұжырым­дама әзірленіп отыр. Ресми мереке және демалыс күндері бұрынғыдай 21-22 наурыз болып қала береді. Ал оған дейінгі 8 күн дайындық күн­дері болады. Құжат рухани жаңғы­ру компоненттеріне негізделеді. Сондай-ақ әз-Наурызды отба­сын­да атап өтуге көбірек мән беріледі. Тұжырымдамада ұжымдық жаңа­жылдық корпоративтерді енді Наурызда өткізу ұсынылады. Әр­түрлі марапаттау салтанаттары да осы күндері ұйымдастырылғаны жөн. 9 күндік мерекенің әр күні бел­гілі бір тақырыпқа арнала­ды, – деді Жанар Бұқанова.
Мысалы, қазақстандықтарға 14 наурыз – «Көрісу» күнін туыстары­мен және достармен кездесіп, амандық-саулық сұрасуға арнау; 15 наурыз – «Шежіре күнінде» өткен­ді еске алу, ата-баба мұрасын ұлықтау; 16 наурыз – «Жайлау күнінде» табиғат аясына шығу, елді мекенді қоқыстан тазартып, көшет егу ұсынылады. 17 наурызда – «Игі істер және дарқандық күнінде» әр адамнан мүмкіндігіне қарай ең құрығанда бір жақсы іс жасау сұралады, волонтерлер қатысуы­мен қайырымдылық шаралар өтеді. 18 наурыз – «Шымырлық пен шеберлік күні» ұлттық спорт ойындарына арналмақ. 19 наурыз – «Зияткерлік күні» балалар арасында мемлекеттік тіл­де мақал-мәтел, жұмбақ, жа­ңылт­­паш, эпос жырларынан үзін­ді бо­йынша байқаулар ұйымдас­ты­рылады. 20 наурыз – «Жоралғы күні» қазақы әдет-ғұрып, салт-дәс­түрлер өзге этностарға түсінді­рі­ліп, насихатталуы керек. 21 нау­­­рыз – «Ұлттық тағамдар күні» аясында қазақ ас мәзіріндегі ұмы­тылған немесе кең таралмаған та­ғам түрлерін әзірлеу әдістері жаң­ғыр­тылады деп күтілуде. Ал 22 нау­рыз – «Бұқара күні» бар­лық жер­­де ресми және басқа да бұқара­лық іс-шаралар өткізіледі. Осы тұжырымдама биыл қо­ғам талқысынан өтіп, пысық­та­луы тиіс. Қалай болғанда, Қордай қақ­тығысы, коронавирус, төтенше жағдай секілді кейінгі кездегі ірі оқиғалар биліктің күн мен түннің теңесуі, жаңа өмірдің басталуы мен жаңару мерекесіне деген көзқа­расын өзгерткені байқалады. Ол көзқарастың қандай нәтиже беріп, неге апаратынына халқымыз тек келесі жылы ғана куә бола ала­тынға ұқсайды.  

Елдос СЕНБАЙ