Астанада полицейлер мектеп оқушысының ұялы телефонын ұрлады деген күдікпен ер адамды ұстады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Полиция департаментінің мәліметінше, оқиға қыз бала сабақтан кейін үйіне қайтып бара жатқан кезде болған.
Автобусқа мінген кезінде мектеп оқушысы адамдар көп жиналған жерде қалған. Жанында тұрған ер адам өзі де салонға кіріп жатқандай кейіп танытып, қыздың күртесінің қалтасынан Vivo маркалы ұялы телефонын білдіртпей алып, оқиға орнынан ізін суытқан. Жәбірленуші телефонның жоғалғанын автобустан түскен кезде ғана байқаған.
"Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер бұрын сотты болған 29 жастағы шетелдік азаматты анықтап, ұстады. Ұрланған телефон тәркіленіп, иесіне қайтарылды", — делінген хабарламада.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, ұрлық дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.