Үржар ауданында балаларды қағып кеткен жүргізуші 9 жылға сотталды

Қайғылы оқиға биыл тамыз айында Үржар ауданына қарасты Бестерек ауылында болған.

Үржар ауданында бір топ баланы көлікпен басып кеткен жүргізушіге сот үкімі шықты. 55 жастағы ер адам 9 жылға бас бостандығынан айырылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Қайғылы оқиға биыл тамыз айында Үржар ауданына қарасты Бестерек ауылында болған. Аулада ойнап жүрген алты баланы эпилепсия дертімен ауыратын егде жастағы азамат көлікпен қағып кеткен. Апат салдарынан үш бала оқиға орнында қаза тапты, ал 9 жастағы Айзере екі ай бойы комада жатып, кейін көз жұмған. Тағы екі бала ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілген.

Семей қаласында өткен сот отырысында мемлекеттік айыптаушы жүргізушіні ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 9 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруды және жәбірленушілерге материалдық өтемақы төлеуді сұрады.

Сот мәліметінше, айыпталушы 2013 жылдан бері «эпилепсия» диагнозымен диспансерлік есепте тұрған. Соған қарамастан, ол көлік басқаруды тоқтатпаған. 2025 жылғы 19 тамызда жүргізу кезінде ұстамасы ұстап, үй қақпасының маңында жүрген кәмелетке толмаған балаларды қағып кеткен.

Сот барысында ер адам кінәсін толық мойындап, қаза тапқан балалардың туыстарынан кешірім сұраған.

 

Сот шешімімен айыпталушы 9 жылға бас бостандығынан айырылып, 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылды. Сонымен қатар сот оны жәбірленуші тарапқа моральдық зиян ретінде 50 миллион теңге өтемақы төлеуге міндеттеді.