"Қар жауады, аяз болады": қаңтар айындағы ауа райы болжамы жарияланды

Синоптиктердің болжамына сәйкес, қаңтар айында республика аумағының барлығында айлық орташа ауа температурасы климаттық нормадан 1-2°С-қа жоғары болады.

Қазгидромет 2026 жылы қаңтар айындағы ауа райы болжамын жариялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Синоптиктердің болжамына сәйкес, қаңтар айында республика аумағының барлығында айлық орташа ауа температурасы климаттық нормадан 1-2°С-қа жоғары болады.

Айлық жауын-шашын мөлшері Қазақстанның басым бөлігінде норма шамасында болжанады. Нормадан көп жауын-шашын Павлодар облысында, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарының басым бөлігінде, Қостанай облысының солтүстігінде, Ақмола, Қарағанды және Абай облыстарының солтүстік-шығысында, Алматы және Жамбыл облыстарының оңтүстік жартысында, Түркістан облысы мен Жетісу облысының оңтүстік-шығысында болады.

Ай бойы қар жаууы, екпінді жел, боран, тұман және көктайғақ құбылыстары ашық, аязды ауа райымен алмасады.

Елдің батысында бірінші онкүндіктің басында түнде ауа температурасы -10…-18°С-қа дейін, күндіз -5…-12°С-қа дейін төмендейді. 

Елдің солтүстік-батысында, солтүстігінде және орталық өңірлерінде түнгі ауа температурасы -10…-20°С-тан -3…-8°С-қа дейін, күндіз -12…-2°С-тан -5…+3°С-қа дейін ауытқиды.

Қазақстанның шығысында түнде ауа температурасы -2…-13°С-тан -10…-18°С-қа дейін, күндіз -6…+2°С-тан -2…-10°С-қа дейін болады.

Елдің оңтүстік-батысында, оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында түнде ауа температурасы -2…-12°С-тан -5…+5°С-қа дейін, күндіз -3…+8°С-тан +5…+10°С-қа дейін, ал елдің қиыр оңтүстігінде +15°С-қа дейін жоғарылауы мүмкін.

Айдың екінші және үшінші онкүндіктерінде солтүстік, солтүстік-батыс, шығыс және орталық өңірлерде суық ауа массаларының енуі кезінде түнгі ауа температурасының -25…-35°С-қа дейін, күндіз -15…-20°С-қа дейін төмендеуі болжанады. Қаңтардың ең жылы күндерінде ауа температурасы -5…+3°С-қа дейін көтеріледі.

Батыста суық толқындары кезінде түнде ауа температурасы -20…-27°С-қа дейін, күндіз -12…-19°С-қа дейін төмендейді. Айдың жекелеген күндерінде күндізгі ауа температурасының 0…+5°С-қа дейін жоғарылауымен жылымық болуы мүмкін.

Қазақстанның оңтүстік жартысында түнгі ауа температурасы 0…-5°С-тан -10…-20°С-қа дейін, күндіз +2…+12°С-тан -3…-13°С-қа дейін ауытқиды. Үшінші онкүндіктің жекелеген күндерінде түнде ауа температурасы -20…-30°С-қа дейін, күндіз -10…-18°С-қа дейін төмендейді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM   арнасынан табасыз.