«100-ден астам жол апаты тіркелді»: Астанадағы көктайғақтың кесірінен тұрғындар әбігерге түсті

Қоғамдық көліктер жылдамдығын бәсеңдетіп, жолда көлік кептелісі көбейді.

Астанада Жаңа жыл қарсаңында түнімен жауған жаңбыр көктайғаққа ұласып, қаланың тыныс-тіршілігіне елеулі ықпал етті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Қоғамдық көліктер жылдамдығын бәсеңдетіп, жолда көлік кептелісі көбейді. Полиция департаментінің мәліметінше, таңертеңнен бері 100-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелген.

Сынап бағанасы 0 градусқа дейін төмендеп, қатқан мұз біртіндеп еріп жатыр. Алайда бұл жағдай тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге кедергі келтіруде. КТК телеарнасының хабарлауынша, жарақат алып, дәрігерге қаралғандардың саны едәуір артқан.

№3 көпбейінді аурухананың хирургиялық істері жөніндегі бас дәрігердің орынбасары Ұлықбек Асылбековтің айтуынша, сағат таңғы 7-ден бастап жарақат алған адамдар емханаға келіп жатыр. Сағат 16:00-ге дейін 44 адам медициналық көмекке жүгінген, оның ішінде 8 науқас ауруханаға жатқызылды. Иығы, білегі сынғандар Ортопедия ғылыми орталығына жіберілген.

 

Астаналық дәрігерлер тұрғындарға мұқият болуды, сыртқа шыққанда таймайтын, ыңғайлы аяқ киім киюді ескертеді.