ШҚО-ға қоныс аударған қазақстандықтарға арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады

“Шығыс шақырады” деп аталған бұл бастама – басқа өңірлерден көшіп келіп, ШҚО-да тұрақты өмір сүруді және жұмыс істеуді жоспарлаған қазақстандықтарға арналған ерекше мүмкіндік.

 

Отбасы банк пен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі бірлесіп, елдің шығысына қоныс аударған азаматтарды қолдауға бағытталған жаңа тұрғын үй бағдарламасын іске қоспақ, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

“Шығыс шақырады” деп аталған бұл бастама – басқа өңірлерден көшіп келіп, ШҚО-да тұрақты өмір сүруді және жұмыс істеуді жоспарлаған қазақстандықтарға арналған ерекше мүмкіндік.

Бағдарламаның негізгі шарты – Отбасы банкінің салымшысы болу. Үміткерлер бастапқы жарнаны алдын ала немесе өтінім беру алдында жинақтай алады. Несиелеу шарттары айтарлықтай тиімді: жылдық сыйақы мөлшерлемесі 5% (ЖТСМ 5,2–5,7%), бастапқы жарна 10%-дан басталады, ал қарыздың ең жоғарғы сомасы 20 миллион теңгеге дейін жетеді.

Бағдарлама аясында сатып алынатын жылжымайтын мүлік міндетті түрде Шығыс Қазақстан облысы аумағында орналасуы тиіс. Бұл – бастапқы және қайталама нарықтағы пәтерлер, құрылыс сатысындағы тұрғын үйлер (құрылыс компаниясының кепілдігімен), сондай-ақ жеке тұрғын үйлер болуы мүмкін.

Қатысушыларға қойылатын басты талаптардың бірі – соңғы 5 жыл ішінде ШҚО аумағында өз меншігінде немесе жалға алынған баспанасының болмауы (тек апатты жағдайдағы жалғыз тұрғын үй есепке алынбайды). Сонымен қатар, өтініш берушіде ресми табыс болуы қажет: жалдамалы жұмысшылар үшін – кемінде 6 ай, ал жеке кәсіпкерлер үшін – кемінде 12 ай табыс табуы шарт. Өтінімді тек ерлі-зайыптылардың бірі ғана бере алады.

Бағдарламаға “Серпін” әлеуметтік жобасының түлектері де қатыса алады. Бұл жоба Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы, Жетісу және Маңғыстау облыстарынан шыққан жастарды қолдауға бағытталған.

Бағдарлама бойынша өтінімдер 2026 жылы қабылдана бастайды. Қатысушыларды іріктеумен облыс әкімдігі айналысады, ал несиелеуді Отбасы банк жүзеге асырады.