Рас-эль-Хайма әмірлігі 2026 жылды дрондар мен отшашулардың керемет 15 минуттық шоуымен қарсы алып, Guinness World Records кітабына жаңа рекорд орнатты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Мерекенің басты символы феникс болды. Ол оптимизм мен қайта жаңғырудың белгісі ретінде әмірліктің өзгерістерін және болашақты жаңаша пайымдауға ұмтылысын бейнеледі.
Көрсетілімге 2 300 дрон қатысты, оның ішінде 1 000 пиродрон феникстің қанаттарын жарықтандырды. Тағы бір «Қош келдіңіз» дейтін әсерлі фигура теңізден құшағын жайып шыққан адам бейнесін көрсетті. Бұл әмірліктің тұрғындар мен туристерге деген қонақжайлығы мен ашықтығын білдіреді.
Түнгі сағат 00:00-де дрон шоуынан кейін Аль-Марджан аралы мен Аль-Хамра ауданы арасындағы 6 шақырымдық аумақта отшашу басталды. Жүздеген отшашу керемет дәлдікпен жағалауға толқын-толқын жарық пен түс беріп, жағалау сызығын ғажайып панорамаға айналдырды. Мыңдаған көрермен бұл шоуға жағажай қонақүйлерінен, концерттік бағдарлама ұсынылған фестиваль алаңынан және бұдан бұрын фейерверк ұйымдастырылған Корниш Аль-Кавасим жағалауынан куә болды.
Әмірліктің Туризмді дамыту департаментінің басшысы Филлиппа Харрисон бұл оқиғаның тұрғындар мен қонақтарды біріктіруге бағытталғанын атап өтті. Оның айтуынша, Guinness рекорды — жетістіктің бір ғана көрінісі. Бастысы — жаңа жылды қарсы алған адамдардың эмоциясы мен естеліктері. 2025 жыл зор жетістіктер кезеңі болды, ал жаңа жыл түні осы табыстарды атап өтуге және болашақты сеніммен қарсы алуға арналды.
Жаңа рекорд Рас-эль-Хайманың жетістіктер қоржынына қосылып, оны инновациялық, ауқымды және есте қаларлық Жаңа жылдық шоуларды өткізетін әлемдік жетекші бағыттардың бірі ретінде растады.