Президенттің бір жылы
Президенттің бір жылы
215
оқылды
Осыдан бір жыл бұрын еліміздің Тұңғыш Президенті өз құзыретін тоқтатқан соң Мем­лекет басшылығына Қасым-Жомарт Тоқаев келді. Өткен 365 күн Қазақстан үшін сын­дарлы болды деуге толық негіз бар. Арыстағы жарылыс, Қордайдағы жанжал, митингтер, аналардың талабы, коронавирус, теңгенің құнсыздануы және тағысын тағылар. Ел тари­хындағы екінші президент осы жайттардың бәрін бастан кешірді. Бұлай боларын ешкім бол­жай алған жоқ. Сонымен, Президенттің ел басқарған бір жылының қорытындысы қан­дай? Қазақстан 30 жыл бір тұлғаның басшылығын көрген соң келесі президентке үмітпен, күдікпен, сеніммен қарағаны рас. Жаңа Президент өз билігін тек Конституция бойынша емес, халық алдында заңдастыру үшін 2019 жылдың 9 маусымына президент сайлауын бекітті. 7 кандидат қатысқан саяси додада Қасым-Жомарт Тоқаев электораттың 70 пайыз дауысын жиып, жеңімпаз атанды. Алайда осы сайлауда алғаш рет оппозициялық күштердің басым бөлігі Әміржан Қосановтың айналасында бас қосып, оны қолдауға тырысты. Сәйкесінше, ел тарихында билік партиясынан ұсынылмаған өзге кандидат 14 пайыз дауыс жиды. Митингтер. Сайлауға дейінгі және кейінгі ке­зең­дер­де түрлі мақсаттағы түрлі азаматтар шеру­лер­ге шы­ғуға ұмтылды. Полиция барлық дерлік жағ­дайда заңсыз митингке қатысушылар деп оларды бө­лімшелеріне апарып жатты. Кейде шаш ал десе, бас алатын погондылар көшеде бейберекет кетіп бара жатқан көше тұрғындарын да қол-аяғын қайы­­рып, көліктеріне тоғытты. Ал заңға сәйкес әкім­­дік­­терге митинг өткізуге өтініш берілген жағ­дай­да жер­­гілікті атқарушы билік түрлі себептерді ой­лап тауып, өтінішті қанағаттандырмайтын. Осын­­дай әре­­кеттер үшін Қазақстан билігі жиі ел ішін­де де, ха­­­лықаралық ұйымдар тарапынан да жиі сын­ға ұшы­­­райтын. Президент Тоқаев аталған мәселені жедел шешу керегін айтты. Былтыр қыркүйек айында митинг заң­ға қарсы шықпаса, рұқсат беру керегін ес­кертті. Алайда санаулы шеру заңды өткенімен, көп­­шілік жағдайда әкімдік пикетшілерді қуана қар­сы алмады. Бұл мәселе Ұлттық қоғамдық се­нім кеңесінде талқыланды. Кеңестің соңғы оты­рысында Президент енді митингті әкімдіктің рұқ­сатынсыз, тек ескертіп қана өткізуге рұқсат беру керегін айтты. Бұл – өркениетті шешім деуге бо­ла­ды. Себебі әлемнің көптеген демократиялық ел­дерінде митинг, пикеттер ескертіліп өтеді. Мэрия­ның рұқсаты қа­жет емес, тек полиция қауіпсіздік шараларын қа­был­дайды. Арыстағы жарылыс. Былтыр 24 маусымда Арыс қа­ласында орналасқан №44856 әскери бөлімге қа­расты оқ-дәрі қоймасы жарылып, бүкіл қала зар­дап шекті. Қаладағы 45 мың азамат қысқа уақыт­та жақын қашықтықтағы ауылдар мен Шымкентте бас сауғалады. Жүзге жуық кісі зардап шегіп, кісі өлімі тіркелді. Президент сол күні Арыс қаласына келді. Бұрын өңірлерде төтенше жағдай болса, ары барса әкім мен министр қарасын көрсететін. Ал осы жағдайда ел басшысының келіп, кө­мек­­­те­су­ге уәде беруі жергілікті тұрғындарға де­меу бол­ды. Оған қоса, Мемлекет басшысының жағ­дай­дан толық хабардар екенін көрсетті. Алай­да атал­ған салаға тікелей жауапты орган – Қор­ға­ныс министрлігіне жетекшілік еткен Нұрлан Ермекбавқа Президенттің қатаң сөгіс жариялаумен шектелуі көпті таңырқатқан шешім болды. Себебі шетелдік тәжірибеде мұндай ірі апат түгілі шығынды арттырғаны үшін де министрлер отставкаға кеткен кездер аз емес. Ал министр Арыс апатына дейін бұл ведомствоны басқарғанына жол толуына жа­қын­­­даған еді. Яғни, саладағы істің анық-қанығын то­­лық білуі міндет болатын. Сөйтіп, 45 мың кісі дүр­лік­­кен, адамдар көз жұмған апаттан соң да министр қыз­­метінде қалды. Ұлттық кеңес. Президент сайлауалды бағ­дар­ламасында «халық үніне құлақ асатын мем­лекет» концепциясын жариялаған еді. Алай­да соңғы кезде кейбір мемлекеттік инс­титуттарға қоғам тарапынан сенімнің азаюы жоғарыдағы идеяның де-факто жүзеге асуын қиындатты. Сондықтан Президентке қоғамның проблемаларын талқылап, оларды шешу үшін қоғамда абыройға ие азаматтардың ба­сын тұрақты түрде жинау қажет болды. Көп өтпей Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрыл­ды. Бұл бір жағынан демократиялық шешім бол­­ғанымен, екінші жағынан «халық өкілдері – Пар­ламент депутаттарының» легитимділігіне күмән туғызатын қадам секілді бағаланды. Сондай-ақ жаңа ел басшысына уақытша болса да бедел әперген шешімге айналды. Кеңес құрамын анықтауда Президент Әкім­шілігінде ішкі саясатқа жауапты азамат­тар­дың қалауы мен есебі басым болғаны ай­қын көрінді. Себебі қандай да бір ортақ кри­терий көрінбеді. Азаматтар кандидаттарға он­лайн дауыс бермеді. Оның құрамында би­лікшіл депутаттар мен «саясаттанушылар» да, Facebook-та Үкіметті жиі сынап, көбірек лайк жинаушы белсенділер де, экономист, адвокат, режиссер, медиамагнаттар да бар еді. Кеңес отырыстарында өткір тақы­рып­тар көтерілді. Елді елең еткізгендері ре­тінде митинг туралы жаңа заң, саяси пар­тияларды тіркеудегі талаптарды жеңілдету, шет­елдік жұмысшылар санын қысқарту, 130-бап – жала жабуды декриминализациялау, көп­балалы аналарға жаңа әлеуметтік көмекті та­ғайындауды айтуға болады. Алайда Кеңес тек кеңесетін орта болғандықтан, онда айтылған ұсы­ныстардың жүзеге асуы міндет емес жә­не оның отырыстары әр 3 ай сайын өтті. Екін­ші отырыстан соң-ақ оның құрамы өз­гере бастады. Аталған факторлар Кеңес жұ­мысының тиімділігіне, о бастағы оның құрылу идеясына кері әсер ете бастады. Несиелерді кешіру. Президент Қасым-Жо­март Тоқаев көпбалалы аналармен қатар әлеуметтік тұрғыда әлсіз азаматтардың да мә­селесін шешуге тырысты. Осы бағыттағы дау­лы шешімнің бірі – азаматтардың 300 мың тең­геге дейінгі несиелерін мемлекет есебінен өтеу еді. Аталған мақсатқа бюджеттен 105 млрд теңге бөлінді. Иә, бұл шешімге ықпал еткен бірден-бір себеп – табысы төмен азаматтар бір несиесін жабу үшін басқа несие алмасын, сөйтіп жағдайын түзесін деген игі ниет еді. Пре­­зидент жариялаған несие амнистиясының қызығын 507 мың азаматымыз көрді. Бұл би­ліктің өз азаматтарына жасаған жомарттығы шы­ғар. Бұған дейін Грузия үкіметі де осындай қа­дамға барған еді. Алайда бұл шешімді сы­на­­ған азаматтар да аз емес және олардың на­разылығы орынды. Біріншіден, неге аза­мат­тардың төлеген салығы есебінен басқа аза­­маттардың жеке мақсатта алған несиесі өте­­леді? Айталық, смартфон, теледидар, тұр­­мыстық техникаға не саяхатқа алған не­сие­лері. Екіншіден, Үкіметтің бұл қадамы жұрт­ты масылдыққа әкелмей ме? Өйткені не­сиесі кешірілгендер ертең тағы басқа несие ал­масына ешқандай кепілдік жоқ. Үшіншіден, 507 мың адамның барлығы жағдайы нашар деу­ге келмейді. Себебі кейінірек несиесін ай сайын төлеп жүрген жағдайы орташа аза­мат­тардың берешегі кешірілгені анықталып жатты. Жалпы, аталған мәселеде Президенттің бағ­дары да, оған наразы болған азаматтардың да уәжі орынды. Бірақ бюджеттен бөлінген 105 млрд теңгені жетпейтін мектеп не аурухана салу­ға да жұмсауға болар еді деген балама ой туын­дайды. Мысалы, былтыр Шымкент қа­ла­сын­да 9 мектептің құрылысына 6,5 млрд тең­ге бө­лінді. Яғни, орта есеппен бі­реуінің құны 722 млн теңге. Енді несиеге жұм­сал­ған 105 млрд теңгеге қанша мектеп соғуға бола­ты­нын есеп­тей беріңіз. Кадрлық резерв. Кезінде Франклин Де­ла­но Рузвельт «Мен әлемдегі ең ақылды адам емеспін, бірақ ақылды қызметкерлерді таңдай ала­мын» деген екен. Егер саясатты жүзеге асы­ратын сапалы мамандар болмаса, стратегия, бағ­дарлама, идея қанша маңызды болса да, оның жүзеге асуы неғайбіл. Осы себепті әр менеджер, саясаткер, президент өз бағдарын іске асыратын мамандар тобын жауапты қызметтерге орналастыруға тырысады. Мұны кейде командамен көшу деп те атайды, бірақ кейде бұл әкімшілік қажеттілік. Президент Қа­сым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметке қан жүгірту мақсатында бірнеше маңызды шешімдер қабылдады. Мысалы, 2024 жылға дейін мемлекеттік қызметкерлер мен ұлттық компаниялар жұмысшылар санын 25 пайызға қысқартады. Оған қоса, президенттік кадрлық резерв жасақталуы тиіс. Бірінші қадам елі­міз үшін жаңалық емес, шенеунік санын сан рет қысқартты. Алайда одан мемап­парат­тың тиімділігі артты деу қиын. Есесіне, ми­нистрлік, әкімшіліктерге қарасты түрлі акционерлік қоғамдар, мемлекеттік қазынаға қарасты мекемелер пайда бола береді. Олар мемқызметкер санатына жатпаған соң оларды «дүниеге әкелуге» тыйым салынбады. Ал екінші қадам 13 мың адам қатарынан суы­рылып шыққан 300-ді іріктеп, оларды лауа­зымды қызметтерге тағайындауға жағдай жа­сады. Себебі кадрлық резерв тек іште қайнаған емес, қоғамдық жұмыста, бизнесте жүрген та­лапты азаматтардың да мемқызметке келуіне ықпал етті. Президентке бағынышты аппарат енді жаңарып, жасарып, жаңғырады деген үміт бар. Дегенмен бұған дейін жасақталған «А» корпусы, «Б» корпусының тізіміне кір­ген­­­­дердің жайы не болары белгісіз. Олар экс-президенттің кадрлық резервінде еді. Қордайдағы қақтығыс. Қазақстанда 2000 жыл­дан бері онға жуық этносаралық кикілжің тір­келген екен. Бірі қысқа уақытта шешілсе, бас­қасында елді мекендерге әскер кіргізуге ту­ра келген. Биыл 7 ақпан күні Жамбыл об­лысына қарасты Қордай ауданының Ма­саншы ауылында жергілікті қазақтар мен дүнген диаспорасы өкілдері арасында жан­жал туды. Жағдайды зерделеп қарасақ, бұл мәселе кеше тумаған. Бұл ұзақ жылдар бойғы жергілікті атқарушы биліктің қателігі мен заңсыздықтардың нәтижесі болған. Ол хақында «Айқында» сан рет сараланып жа­зылды. Президент бірден ауылға әскер кір­гізіп, жағдайды бақылауға алу туралы шешім қа­былдады. Арнайы комиссия құрып, оның жетекшісі Бердібек Сапарбаевты өңірге ат­тан­дырды. Көп ұзамай ол Жам­был облысына басшы болып барды. Сырт­тай қарасақ, бұл елімізде осыған ұқсас жағ­дайларда қабылданатын іс-әрекеттер алго­ритмі. 1 наурыз күні Мемлекет басшысы қор­дайлықтармен жолықты. Бұл жанжал Қазақстанның әлемдік  беделіне нұқсан келтіргені рас, себебі дүнген диаспорасы көрші қырғыз еліне қашып, шекара асты. Сондай-ақ ішкі саясатта да, этносаралық қатынаста да біршама шешілмеген мәселе бар екенін көрсетті. Бірақ Президент сол күндері қажет шараларды қа­­былдады. Жағдай тұрақталды. Дегенмен әр этносаралық қақтығыста «өрт сөндіру» ре­жи­міне өтіп, түйткілді жылдам жылы жауып қоя беру келесі қақтығыстарға бастау екенін өз тәжірибеміз дәлелдеді. Яғни, этносаралық қатынас, қақтығыс Президент үшін шешілуі тиіс кезекті мәселе екені анықталды. Коронавирус, мұнай, теңге. Құдай бір ай­нал­дырса, шыр айналдырады демекші, кейде бәле жалғыз келмейді. Президенттің билікке келгеніне жыл толар қарсаңында Қазақстан әлемді шарпыған сынаққа ұшырады. Ол коронавирус, мұнай бағасының құлдырауы, АҚШ-тың ше­шуші пайыздық бағамын күрт төмендетуі, сәй­кесінше ұлттық валютаның құн­сыздануы. Бәрінен қауіптісі – вирус. Мем­лекет басшысы азаматтардың қауіпсіздігі үшін елде төтенше жағдай жариялады. Қос ас­танамыз карантинде қалды. Осыған қарамай дерт­ке шалдыққан жан­дардың саны күн са­нап өсіп келеді. Әзірге қо­ғам тарапынан қалт қимыл, ережеге ба­ғынбау, жағдайды пай­даланып, заңсыздыққа бару секілді оғаш әре­кеттер байқалмады. Көп­шілік қауым жағ­дайдың қаншалықты күрделі екенін түсінеді. Сырттай қарасақ, Президент қажетті ша­ра­ларды қабылдап жатыр. Бірақ ел бас­шы­сына да тәуелді емес дүниелер көп. Brent мұнай маркасының 60 доллардан 27 дол­ларға түсуі қара алтынды экспорттаушы ел­дің эко­номикасына ауыр соққы болары анық. Се­бебі бюджетіміздің 44 пайызы мұнайдан алынады. 1 доллардың 450 теңгеге дейін қым­баттауы – ішкі нарықта шетелдік талай им­порттық заттар бағасының аспандауына әке­лері сөзсіз. Коронавирустан ел дүрлігіп қалды, кәсіпкерлердің шығыны артты. Экономика өсімі биыл баяулайтыны белгілі. Үнемі Ұлт­тық қорға қол сала алмаймыз. Яғни, қоғам Пре­зиденттен экономиканы дағдарыстан алып шығатын, коронавирустың кесірін кемітетін, сараланған, салмақты шешімдер күтеді. Кейбір сәттер. Қасым-Жомарт Тоқаев кә­сіби дипломат ретінде этиканы жоғары қоятын азамат екенін дәлелдеп келеді. Мәселен, өз кабинетінде әкім, министр, актер, кәсіпкерді қа­былдағанда үстел басында тең отырады. Өзін төр­ге шығармайды. Қоғамдық жиындарда, жи­налыстарда Үкімет мүшелеріне дауыс кө­теріп, айқайламайды. Ал жалпы дөрекілік – Кеңес заманынан келе жатқан мемаппараттың ажырамас бөлігі екенін жұрт біледі. Себебі көбінесе онсыз мәселе шешілмейді, тап­сырма орындалмайды. Сондай-ақ Президент жұрттың көкейіндегі қа­лауын орындауға кіріскендей. Қоғамның сы­нына ұшырайтын бітпес форумдарды өткізуге, шенеуніктердің қымбат көлік пен жиһаз сатып алуына, квазисекторда жаңа компаниялар ашуға тыйым салды. Оған қоса, шағын және орта бизнесті тексеруге 2023 жылға дейін мо­­раторий жариялады. Браконьерлерге, арақ-шарап ішіп, көлік айдағандарға ауыр жаза та­ғайындады. Түрмеде 11 жыл жатқан Мұх­тар Жә­­кішевтің бостандыққа шығуына ке­­лісім бер­ді. Яғни, ел талабы орын­да­лып ке­ле жатқандай. Бұл – бір жылдағы нә­ти­же. Алдағы 4 жылдық президенттік мерзімде же­тер жетістік аз болмас деген үміт мол. Се­­­бебі Қасым-Жомарт Тоқаевтың жауап­кер­ші­­лігінде Қазақстан атты алып мемлекеттің тіз­гіні тұр.  

Нұрмұхамед БАЙҒАРА