Осыдан бір жыл бұрын еліміздің Тұңғыш Президенті өз құзыретін тоқтатқан соң Мемлекет басшылығына Қасым-Жомарт Тоқаев келді. Өткен 365 күн Қазақстан үшін сындарлы болды деуге толық негіз бар. Арыстағы жарылыс, Қордайдағы жанжал, митингтер, аналардың талабы, коронавирус, теңгенің құнсыздануы және тағысын тағылар. Ел тарихындағы екінші президент осы жайттардың бәрін бастан кешірді. Бұлай боларын ешкім болжай алған жоқ. Сонымен, Президенттің ел басқарған бір жылының қорытындысы қандай? Қазақстан 30 жыл бір тұлғаның басшылығын көрген соң келесі президентке үмітпен, күдікпен, сеніммен қарағаны рас. Жаңа Президент өз билігін тек Конституция бойынша емес, халық алдында заңдастыру үшін 2019 жылдың 9 маусымына президент сайлауын бекітті. 7 кандидат қатысқан саяси додада Қасым-Жомарт Тоқаев электораттың 70 пайыз дауысын жиып, жеңімпаз атанды. Алайда осы сайлауда алғаш рет оппозициялық күштердің басым бөлігі Әміржан Қосановтың айналасында бас қосып, оны қолдауға тырысты. Сәйкесінше, ел тарихында билік партиясынан ұсынылмаған өзге кандидат 14 пайыз дауыс жиды. Митингтер. Сайлауға дейінгі және кейінгі кезеңдерде түрлі мақсаттағы түрлі азаматтар шерулерге шығуға ұмтылды. Полиция барлық дерлік жағдайда заңсыз митингке қатысушылар деп оларды бөлімшелеріне апарып жатты. Кейде шаш ал десе, бас алатын погондылар көшеде бейберекет кетіп бара жатқан көше тұрғындарын да қол-аяғын қайырып, көліктеріне тоғытты. Ал заңға сәйкес әкімдіктерге митинг өткізуге өтініш берілген жағдайда жергілікті атқарушы билік түрлі себептерді ойлап тауып, өтінішті қанағаттандырмайтын. Осындай әрекеттер үшін Қазақстан билігі жиі ел ішінде де, халықаралық ұйымдар тарапынан да жиі сынға ұшырайтын. Президент Тоқаев аталған мәселені жедел шешу керегін айтты. Былтыр қыркүйек айында митинг заңға қарсы шықпаса, рұқсат беру керегін ескертті. Алайда санаулы шеру заңды өткенімен, көпшілік жағдайда әкімдік пикетшілерді қуана қарсы алмады. Бұл мәселе Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде талқыланды. Кеңестің соңғы отырысында Президент енді митингті әкімдіктің рұқсатынсыз, тек ескертіп қана өткізуге рұқсат беру керегін айтты. Бұл – өркениетті шешім деуге болады. Себебі әлемнің көптеген демократиялық елдерінде митинг, пикеттер ескертіліп өтеді. Мэрияның рұқсаты қажет емес, тек полиция қауіпсіздік шараларын қабылдайды. Арыстағы жарылыс. Былтыр 24 маусымда Арыс қаласында орналасқан №44856 әскери бөлімге қарасты оқ-дәрі қоймасы жарылып, бүкіл қала зардап шекті. Қаладағы 45 мың азамат қысқа уақытта жақын қашықтықтағы ауылдар мен Шымкентте бас сауғалады. Жүзге жуық кісі зардап шегіп, кісі өлімі тіркелді. Президент сол күні Арыс қаласына келді. Бұрын өңірлерде төтенше жағдай болса, ары барса әкім мен министр қарасын көрсететін. Ал осы жағдайда ел басшысының келіп, көмектесуге уәде беруі жергілікті тұрғындарға демеу болды. Оған қоса, Мемлекет басшысының жағдайдан толық хабардар екенін көрсетті. Алайда аталған салаға тікелей жауапты орган – Қорғаныс министрлігіне жетекшілік еткен Нұрлан Ермекбавқа Президенттің қатаң сөгіс жариялаумен шектелуі көпті таңырқатқан шешім болды. Себебі шетелдік тәжірибеде мұндай ірі апат түгілі шығынды арттырғаны үшін де министрлер отставкаға кеткен кездер аз емес. Ал министр Арыс апатына дейін бұл ведомствоны басқарғанына жол толуына жақындаған еді. Яғни, саладағы істің анық-қанығын толық білуі міндет болатын. Сөйтіп, 45 мың кісі дүрліккен, адамдар көз жұмған апаттан соң да министр қызметінде қалды. Ұлттық кеңес. Президент сайлауалды бағдарламасында «халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясын жариялаған еді. Алайда соңғы кезде кейбір мемлекеттік институттарға қоғам тарапынан сенімнің азаюы жоғарыдағы идеяның де-факто жүзеге асуын қиындатты. Сондықтан Президентке қоғамның проблемаларын талқылап, оларды шешу үшін қоғамда абыройға ие азаматтардың басын тұрақты түрде жинау қажет болды. Көп өтпей Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды. Бұл бір жағынан демократиялық шешім болғанымен, екінші жағынан «халық өкілдері – Парламент депутаттарының» легитимділігіне күмән туғызатын қадам секілді бағаланды. Сондай-ақ жаңа ел басшысына уақытша болса да бедел әперген шешімге айналды. Кеңес құрамын анықтауда Президент Әкімшілігінде ішкі саясатқа жауапты азаматтардың қалауы мен есебі басым болғаны айқын көрінді. Себебі қандай да бір ортақ критерий көрінбеді. Азаматтар кандидаттарға онлайн дауыс бермеді. Оның құрамында билікшіл депутаттар мен «саясаттанушылар» да, Facebook-та Үкіметті жиі сынап, көбірек лайк жинаушы белсенділер де, экономист, адвокат, режиссер, медиамагнаттар да бар еді. Кеңес отырыстарында өткір тақырыптар көтерілді. Елді елең еткізгендері ретінде митинг туралы жаңа заң, саяси партияларды тіркеудегі талаптарды жеңілдету, шетелдік жұмысшылар санын қысқарту, 130-бап – жала жабуды декриминализациялау, көпбалалы аналарға жаңа әлеуметтік көмекті тағайындауды айтуға болады. Алайда Кеңес тек кеңесетін орта болғандықтан, онда айтылған ұсыныстардың жүзеге асуы міндет емес және оның отырыстары әр 3 ай сайын өтті. Екінші отырыстан соң-ақ оның құрамы өзгере бастады. Аталған факторлар Кеңес жұмысының тиімділігіне, о бастағы оның құрылу идеясына кері әсер ете бастады. Несиелерді кешіру. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көпбалалы аналармен қатар әлеуметтік тұрғыда әлсіз азаматтардың да мәселесін шешуге тырысты. Осы бағыттағы даулы шешімнің бірі – азаматтардың 300 мың теңгеге дейінгі несиелерін мемлекет есебінен өтеу еді. Аталған мақсатқа бюджеттен 105 млрд теңге бөлінді. Иә, бұл шешімге ықпал еткен бірден-бір себеп – табысы төмен азаматтар бір несиесін жабу үшін басқа несие алмасын, сөйтіп жағдайын түзесін деген игі ниет еді. Президент жариялаған несие амнистиясының қызығын 507 мың азаматымыз көрді. Бұл биліктің өз азаматтарына жасаған жомарттығы шығар. Бұған дейін Грузия үкіметі де осындай қадамға барған еді. Алайда бұл шешімді сынаған азаматтар да аз емес және олардың наразылығы орынды. Біріншіден, неге азаматтардың төлеген салығы есебінен басқа азаматтардың жеке мақсатта алған несиесі өтеледі? Айталық, смартфон, теледидар, тұрмыстық техникаға не саяхатқа алған несиелері. Екіншіден, Үкіметтің бұл қадамы жұртты масылдыққа әкелмей ме? Өйткені несиесі кешірілгендер ертең тағы басқа несие алмасына ешқандай кепілдік жоқ. Үшіншіден, 507 мың адамның барлығы жағдайы нашар деуге келмейді. Себебі кейінірек несиесін ай сайын төлеп жүрген жағдайы орташа азаматтардың берешегі кешірілгені анықталып жатты. Жалпы, аталған мәселеде Президенттің бағдары да, оған наразы болған азаматтардың да уәжі орынды. Бірақ бюджеттен бөлінген 105 млрд теңгені жетпейтін мектеп не аурухана салуға да жұмсауға болар еді деген балама ой туындайды. Мысалы, былтыр Шымкент қаласында 9 мектептің құрылысына 6,5 млрд теңге бөлінді. Яғни, орта есеппен біреуінің құны 722 млн теңге. Енді несиеге жұмсалған 105 млрд теңгеге қанша мектеп соғуға болатынын есептей беріңіз. Кадрлық резерв. Кезінде Франклин Делано Рузвельт «Мен әлемдегі ең ақылды адам емеспін, бірақ ақылды қызметкерлерді таңдай аламын» деген екен. Егер саясатты жүзеге асыратын сапалы мамандар болмаса, стратегия, бағдарлама, идея қанша маңызды болса да, оның жүзеге асуы неғайбіл. Осы себепті әр менеджер, саясаткер, президент өз бағдарын іске асыратын мамандар тобын жауапты қызметтерге орналастыруға тырысады. Мұны кейде командамен көшу деп те атайды, бірақ кейде бұл әкімшілік қажеттілік. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметке қан жүгірту мақсатында бірнеше маңызды шешімдер қабылдады. Мысалы, 2024 жылға дейін мемлекеттік қызметкерлер мен ұлттық компаниялар жұмысшылар санын 25 пайызға қысқартады. Оған қоса, президенттік кадрлық резерв жасақталуы тиіс. Бірінші қадам еліміз үшін жаңалық емес, шенеунік санын сан рет қысқартты. Алайда одан мемаппараттың тиімділігі артты деу қиын. Есесіне, министрлік, әкімшіліктерге қарасты түрлі акционерлік қоғамдар, мемлекеттік қазынаға қарасты мекемелер пайда бола береді. Олар мемқызметкер санатына жатпаған соң оларды «дүниеге әкелуге» тыйым салынбады. Ал екінші қадам 13 мың адам қатарынан суырылып шыққан 300-ді іріктеп, оларды лауазымды қызметтерге тағайындауға жағдай жасады. Себебі кадрлық резерв тек іште қайнаған емес, қоғамдық жұмыста, бизнесте жүрген талапты азаматтардың да мемқызметке келуіне ықпал етті. Президентке бағынышты аппарат енді жаңарып, жасарып, жаңғырады деген үміт бар. Дегенмен бұған дейін жасақталған «А» корпусы, «Б» корпусының тізіміне кіргендердің жайы не болары белгісіз. Олар экс-президенттің кадрлық резервінде еді. Қордайдағы қақтығыс. Қазақстанда 2000 жылдан бері онға жуық этносаралық кикілжің тіркелген екен. Бірі қысқа уақытта шешілсе, басқасында елді мекендерге әскер кіргізуге тура келген. Биыл 7 ақпан күні Жамбыл облысына қарасты Қордай ауданының Масаншы ауылында жергілікті қазақтар мен дүнген диаспорасы өкілдері арасында жанжал туды. Жағдайды зерделеп қарасақ, бұл мәселе кеше тумаған. Бұл ұзақ жылдар бойғы жергілікті атқарушы биліктің қателігі мен заңсыздықтардың нәтижесі болған. Ол хақында «Айқында» сан рет сараланып жазылды. Президент бірден ауылға әскер кіргізіп, жағдайды бақылауға алу туралы шешім қабылдады. Арнайы комиссия құрып, оның жетекшісі Бердібек Сапарбаевты өңірге аттандырды. Көп ұзамай ол Жамбыл облысына басшы болып барды. Сырттай қарасақ, бұл елімізде осыған ұқсас жағдайларда қабылданатын іс-әрекеттер алгоритмі. 1 наурыз күні Мемлекет басшысы қордайлықтармен жолықты. Бұл жанжал Қазақстанның әлемдік беделіне нұқсан келтіргені рас, себебі дүнген диаспорасы көрші қырғыз еліне қашып, шекара асты. Сондай-ақ ішкі саясатта да, этносаралық қатынаста да біршама шешілмеген мәселе бар екенін көрсетті. Бірақ Президент сол күндері қажет шараларды қабылдады. Жағдай тұрақталды. Дегенмен әр этносаралық қақтығыста «өрт сөндіру» режиміне өтіп, түйткілді жылдам жылы жауып қоя беру келесі қақтығыстарға бастау екенін өз тәжірибеміз дәлелдеді. Яғни, этносаралық қатынас, қақтығыс Президент үшін шешілуі тиіс кезекті мәселе екені анықталды. Коронавирус, мұнай, теңге. Құдай бір айналдырса, шыр айналдырады демекші, кейде бәле жалғыз келмейді. Президенттің билікке келгеніне жыл толар қарсаңында Қазақстан әлемді шарпыған сынаққа ұшырады. Ол коронавирус, мұнай бағасының құлдырауы, АҚШ-тың шешуші пайыздық бағамын күрт төмендетуі, сәйкесінше ұлттық валютаның құнсыздануы. Бәрінен қауіптісі – вирус. Мемлекет басшысы азаматтардың қауіпсіздігі үшін елде төтенше жағдай жариялады. Қос астанамыз карантинде қалды. Осыған қарамай дертке шалдыққан жандардың саны күн санап өсіп келеді. Әзірге қоғам тарапынан қалт қимыл, ережеге бағынбау, жағдайды пайдаланып, заңсыздыққа бару секілді оғаш әрекеттер байқалмады. Көпшілік қауым жағдайдың қаншалықты күрделі екенін түсінеді. Сырттай қарасақ, Президент қажетті шараларды қабылдап жатыр. Бірақ ел басшысына да тәуелді емес дүниелер көп. Brent мұнай маркасының 60 доллардан 27 долларға түсуі қара алтынды экспорттаушы елдің экономикасына ауыр соққы болары анық. Себебі бюджетіміздің 44 пайызы мұнайдан алынады. 1 доллардың 450 теңгеге дейін қымбаттауы – ішкі нарықта шетелдік талай импорттық заттар бағасының аспандауына әкелері сөзсіз. Коронавирустан ел дүрлігіп қалды, кәсіпкерлердің шығыны артты. Экономика өсімі биыл баяулайтыны белгілі. Үнемі Ұлттық қорға қол сала алмаймыз. Яғни, қоғам Президенттен экономиканы дағдарыстан алып шығатын, коронавирустың кесірін кемітетін, сараланған, салмақты шешімдер күтеді. Кейбір сәттер. Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіби дипломат ретінде этиканы жоғары қоятын азамат екенін дәлелдеп келеді. Мәселен, өз кабинетінде әкім, министр, актер, кәсіпкерді қабылдағанда үстел басында тең отырады. Өзін төрге шығармайды. Қоғамдық жиындарда, жиналыстарда Үкімет мүшелеріне дауыс көтеріп, айқайламайды. Ал жалпы дөрекілік – Кеңес заманынан келе жатқан мемаппараттың ажырамас бөлігі екенін жұрт біледі. Себебі көбінесе онсыз мәселе шешілмейді, тапсырма орындалмайды. Сондай-ақ Президент жұрттың көкейіндегі қалауын орындауға кіріскендей. Қоғамның сынына ұшырайтын бітпес форумдарды өткізуге, шенеуніктердің қымбат көлік пен жиһаз сатып алуына, квазисекторда жаңа компаниялар ашуға тыйым салды. Оған қоса, шағын және орта бизнесті тексеруге 2023 жылға дейін мораторий жариялады. Браконьерлерге, арақ-шарап ішіп, көлік айдағандарға ауыр жаза тағайындады. Түрмеде 11 жыл жатқан Мұхтар Жәкішевтің бостандыққа шығуына келісім берді. Яғни, ел талабы орындалып келе жатқандай. Бұл – бір жылдағы нәтиже. Алдағы 4 жылдық президенттік мерзімде жетер жетістік аз болмас деген үміт мол. Себебі Қасым-Жомарт Тоқаевтың жауапкершілігінде Қазақстан атты алып мемлекеттің тізгіні тұр.
Нұрмұхамед БАЙҒАРА