Тараздағы өрт: Ербол Қарашөкеев тұрғындарға көмек көрсетілетінін жеткізді

Оқиға орнына 62 адам және 22 техника жұмылдырылды.

Бүгін, 1 қаңтар күні Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласындағы «Қарасу» (5) шағын ауданындағы шатыры өртенген №15 көпқабатты үйді аралап, тұрғындарының жағдайымен танысты. Бұл туралы облыс әкімдігі мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

– Өрттің шығу ошағын, себебін және шығын көлемін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды. Тұрғын үйге нысаналы төтенше жағдай жарияланды. Әр пәтер бойынша келтірілген шығын есептеліп, заң талаптарына сәйкес қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Зардап шеккен тұрғындарға қажетті көмек көрсетіледі, – деді Ербол Қарашөкеев.

Қазіргі таңда мердігерлер шатыр жабындыларын алып, қалпына келтіру жұмыстарын бастап кетті. Пәтерлерді жөндеу тиісті комиссияның нақтылау, анықтау шараларынан кейін жүзеге асады.

Аймақ басшысы зерделеу коммисияның жұмысына тұрғындарды да тарту қажеттігін баса айтып, қала басшылығына нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ, тұрғындарды сабырлық танытуға, сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырды.

Еске сала кетейік, 2025 жылғы 31 желтоқсанда сағат 22:18-де аталған тұрғын үйдің балконынан өрт шығып, жалын шатырға тараған.

Төтенше жағдайлар департаментінің күшімен 100 адам, оның ішінде 30 бала эвакуацияланды. Сағат 00:13-те өрт толық сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ.

Оқиға орнына 62 адам және 22 техника жұмылдырылды.

Көпқабатты тұрғын үйдің бірқатар тұрғындары қонақүйге орналастырылды.

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасына сәйкес оқиға орнында облыс әкімінің орынбасары Алтай Әлі мен Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков жұмыс жүргізуде.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.