Science Focus журналының мақаласына сілтеме жасаған Aikyn.kz, науқастың диагнозын ЖИ-дің көмегімен анықтаудың оң, теріс жақтарын бағалайды.
Зерттеу авторлары дәрігерлер мен болашақ медицина мамандары жасанды интеллекті қолданбас бұрын оның мүмкіндіктері мен шектеулерін жақсы түсінуі қажет екенін ескертуде. Себебі бұндай жүйелерде елес қуу (елес – галлюцинация), алгоритмдік бұрмаланулар және пациент деректерінің құпиялылығына қатысты қауіптер болуы мүмкін.
Зерттеу аясында дәрігерлердің кездейсоқ іріктелген тобына сауалнама жіберілген. Оларға ChatGPT, Bing AI, Google Gemini немесе басқа да жасанды интеллект құралдарын кәсіби қызметінде қолданған-қолданбағаны жөнінде сұрақ қойылған. Барлығы 1006 жалпы тәжірибелік дәрігер қатысқан. Олардың әрбір бесіншісі генеративті жасанды интеллект құралдарын клиникалық тәжірибеде қолданатынын айтқан. Солардың ішінде төрттен біріне жуығы бұл құралдарды медициналық құжаттама жазу үшін пайдаланса, тағы сонша дәрігер диагноз қою үшін қолданғанын хабарлаған.
Зерттеуде ең жиі қолданылған құрал ретінде ChatGPT аталған, одан кейін Bing және Google Gemini тұр. Алайда респонденттердің басым бөлігі әлі күнге дейін бұндай құралдарды жұмыс барысында пайдаланбайтынын айтқан.
Зерттеу авторларының айтуынша, бұл құралдар дәрігерлерге әкімшілік жұмыстарда және клиникалық ойлауды қолдауда пайдалы болуы мүмкін. Алайда оларда жасырын қателіктер мен біржақтылық болуы ықтимал екенін естен шығармау керек.
Сондай-ақ бұндай жүйелер пациенттердің жеке деректерінің қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін. Өйткені генеративті жасанды интеллекті дамытатын интернет-компаниялардың жиналған деректерді қалай пайдаланатыны толық ашық емес.
Қазіргі таңда жасанды интеллекті медицинада қолдануға қатысты нақты реттеу ережелері аз. Ұлыбритания және басқа да жетекші елдер бұл мәселені заңнамалық тұрғыдан қарастыруда. Зерттеушілердің айтуынша, медицина саласы жасанды интеллектің ақпаратты жинақтау мен талдаудағы артықшылықтарын пайдаланумен қатар, оның қателіктері, алгоритмдік бұрмалануы және пациент құпиялылығына төндіретін қауіптері туралы дәрігерлер мен студенттерді арнайы оқытуы тиіс.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.