Атырау облысы Қызылқоға ауданында бүтін бір отбасы жоғалып кетті

Қазіргі таңда олардың қайда екені белгісіз, ал жоғалу себептері әлі анықталған жоқ.

Қызылқоға ауданының Жангелдин ауылында бір отбасының бірнеше айдан бері із-түзсіз жоғалуы жұртшылықты алаңдатып отыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Қазіргі таңда олардың қайда екені белгісіз, ал жоғалу себептері әлі анықталған жоқ.

Halyqstan телеграм каналының мәліметінше, шамамен алты ай бұрын 32 жастағы Наурыз Мұқанғалиев ауылдан шығып, туыстарына Ақтау қаласына жұмыс істеуге бара жатқанын хабарлаған. Алайда сол кеткеннен кейін ол ешкіммен байланысқа шықпаған.

Араға уақыт салып, қазан айында отбасының өзге мүшелері де көзден таса болған. Олардың ауылдан нақты қай күні кеткені белгісіз. Ауылдастардың айтуынша, сол кезеңде отбасының үйінде жарық өшіп, барлық телефон нөмірлері жауап бермей қалған.

Жақындары хабар ала алмаған соң, құқық қорғау органдарына жүгінуге мәжбүр болған. Отбасының жоғалғаны туралы ресми арыз полицияға 2025 жылдың қараша айының басында тіркелген. Іздеу хабарламасында Наурыздың әкесі Максот Қарабалин, анасы Насип Өтешқалиева және әпкесі Мирагүл көрсетілген.

Жергілікті тұрғындардың сөзінше, отбасы жоғалғаннан кейін Наурыздың атынан WhatsApp арқылы үйдегі барлық мал сатылған. Алайда оның өзі ауылға келмеген. Туыстарының айтуынша, сатудан түскен қаражат Kaspi қосымшасы арқылы үй иесінің  жеке есепшотына аударылып, кейін шоттағы қаржы қозғалысы тоқтаған.

Қазіргі уақытта отбасының үйі жабық тұр.

Олардың қай бағытта кеткені немесе қазіргі жүрген жері жөнінде нақты ақпарат жоқ.

Полиция тарапынан іздеу жұмыстары Қазақстанның барлық өңірінде жүргізіліп жатқанына қарамастан, хабарламалар таратылғаннан кейін екі ай өтсе де, жоғалған отбасы туралы ешқандай мәлімет табылған жоқ.

Баян Жанұзақова