Павлодар қаласында Жаңа жыл түні төрт адам жарылғыш петардалар мен отшашулардан жарақат алды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Павлодар облыстық жедел жәрдем станциясының мәліметінше, алғашқы қоңырау 00:28-де түскен. Кәмелетке толмаған қыз отшашу жарылысы салдарынан кеуде тұсы күйіп, Павлодар облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.
Сол түні тағы бір ауыр жағдай тіркелді. 15 жастағы жасөспірімнің қолында петарда жарылып, оның екі көзін және қолын күйік шалып, ауруханаға жатқызылды. Облыстық денсаулық сақтау департаменті екі баланың да жағдайы қазіргі уақытта қаралып жатқанын мәлімдеді.
Кенжекөл ауылынан түнгі 1:26-да түскен қоңырау бойынша, 33 жастағы ер адам жарылғыш заттан жарақат алған. Ол Павлодар қалалық №1 ауруханасына күйік және қолының кесілген жарақатымен жеткізілген.
Сондай-ақ, 18 жастағы Павлодар тұрғыны отшашудың барлық оғы атылып болды ма деп тексермек болғанда, ішіндегі зат көзіне тиген. Дәрігерлік көмек көрсетілгеннен кейін ол ауруханаға жатудан бас тартты.
Павлодар облыстық жедел медициналық көмек қызметі бастығының орынбасары Ирина Мищенко тұрғындарды пиротехникалық заттардың аса қауіпті екенін ескертті.
“Бұл жарақаттар көру қабілетіне немесе қолдың қозғалыс ептілігіне зиян келтіруі мүмкін. Негізгі қателік – отшашуды жаққаннан кейін оны қолда ұстау немесе ол толық атылды ма деп тексеру. Адам реакциясының жылдамдығы зарядтың жарылуынан әлдеқайда баяу болады,” – деді ол.
Маманның кеңесі бойынша, күйік алған жағдайда зақымданған жерді суық сумен жуып, таза таңғыш салып, дереу жедел жәрдем шақыру қажет.