Ұлытауда жоғалып кеткен екі адам табылды

31 желтоқсанда күндіз 1957 және 1959 жылдары туған азаматтар «Амантай» шаруа қожалығынан «Базыл» қыстағы бағытына трактормен жолға шыққан.

Ұлытау облысында Ұлытау ауданының «Базыл» қыстағы аумағында жоғалып кеткен екі ер адамды іздеу-құтқару жұмыстары сәтті аяқталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

31 желтоқсанда күндіз 1957 және 1959 жылдары туған азаматтар «Амантай» шаруа қожалығынан «Базыл» қыстағы бағытына трактормен жолға шыққан. Жолда техниканың отыны таусылып, олар жаяу қозғалысты әртүрлі бағытта жалғастырып, адасып кеткен.

Іздеу жұмыстарына ТЖМ, ЖАО және полиция қызметінің күштері жұмылдырылды. Операция барысында арнайы техника, жеке құрам және ұшқышсыз ұшу аппараттары қолданылды.

Алғашқы азамат 1 қаңтар күні «Жомарт» кенішінен батыс бағытта шамамен 7 шақырым қашықтықта табылды. Оның жағдайы қанағаттанарлық, медициналық көмекке мұқтаж болған жоқ. Екінші ер адам 2 қаңтар күні «Жомарт» кенішінің маңындағы геологтарға өз бетінше жетіп, құтқарушылар тарапынан «Базыл» қыстағына жеткізілді. Оның да жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланды.