Мемлекет басшысының Алматы облысында өңдеу өнеркәсібін дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде үй жануарларына арналған дайын жем өндіретін зауыт салу жобасы іске асырылады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Атап айтқанда, Ауыл шаруашылығы министрлігі "Mars Petcare Kazakhstan" ЖШС-мен Қонаев қаласында зауыт салу туралы келісім жасады. Инвестицияның жалпы көлемі 88,8 миллиард теңгеден асатын кәсіпорынның жобалық қуаты – жылына 100 мың тонна өнім.
– 2030 жылдың 31 желтоқсанына дейін нысанды салу және пайдалануға беру жоспарланған. Жұмыс 2031 жылдың 1 қаңтарынан басталады. Зауытта 200 жұмыс орны ашылады, оның кемінде 85%-ы қазақстандықтар үлесіне тиесілі. Сонымен қатар компания кадрларды оқыту және олардың біліктілігін арттыру бойынша іс-шаралар өткізуді жоспарлап отыр, – делінген хабарламада.
Жобаны жүзеге асыру еліміздің өңдеу өнеркәсібін дамытуға елеулі үлес қосып, қосылған құны жоғары өнімдер желісін кеңейтуге, импортқа тәуелділікті азайтуға және өңірде тұрақты өндірістік базаны қалыптастыруға мүмкіндік береді.