Businessinsider.com сайтының материалына сүйенген Aikyn.kz қымбат ұшақтардың ішкі интерьерімен таныстырады.
Илон Маск пен Джефф Безос сияқты миллиардерлердің жеке G700 ұшақтары бар. Алайда ұшақты толық сатып алу бәріне бірдей тиімді емес, сондықтан көптеген ауқатты адамдар чартерлік қызметтерді пайдаланады. Осылайша, Flexjet пен Qatar Executive сияқты компаниялар бай клиенттерге люкс деңгейіндегі әуе сапарларын ұсынады.
Flexjet ұшағының бағасы шамамен 96 млн, ал Qatar Executive нұсқасы 81 млн доллар. Баға айырмашылығы ішкі әрлеу, конфигурация және тапсырыс бойынша жасалған элементтерге байланысты. Екі ұшақ та керемет сәнді. Жатын бөлме, ас үй, қонақ бөлме, келіссөз аймағы және жуыну бөлмелері бар. Qatar Executive нұсқасы аз жолаушыға арналған, бірақ екі ұшақ та жоғары деңгейдегі жайлылықты ұсынады.
Бұл деңгейдегі сән-салтанат таңғаларлық емес, өйткені жеке авиация саласы аса бәсекелі. Әрбір ұсақ-түйек клиенттің көңіл-күйіне, ертеңгі таңдауына әсер етеді.
Сонымен қатар, экономикалық дағдарыстарға қарамастан, ұзақ қашықтыққа ұшатын жекеменшік ұшақтарға сұраныс артып келеді. G700 шамамен 12 900 шақырымға дейін тоқтаусыз ұша алады. Мысалы, Лос-Анджелестен Сиднейге немесе Нью-Йорктен Дубайға дейін.
Әрбір G700 ұшағында жеке жатын бөлме бар. Онда үлкен төсек, жастықтар, көрпелер және қауіпсіздік белдіктері қарастырылған. Турбуленттілік кезінде де демалуға мүмкіндік бар. Flexjet нұсқасы 15 жолаушыға, Qatar Executive нұсқасында 13 жолаушыға арналған. Ұйықтауға арналған орындар саны сәйкесінше 9 және 8.
Салонда үлкен теледидарлар орнатылған, олар кинотеатр іспетті әсер береді. Бұл жерде іскерлік кездесулер де өткізуге болады. Кейбір кеңістіктер жабық күйде толық құпиялылықты қамтамасыз етеді. Бұндай жағдай іскерлік келіссөздер үшін өте қолайлы.
Ас дайындау аймағы кең әрі кәсіби жабдықталған. Аспаздар әртүрлі күрделі тағамдар әзірлей алады. Сонымен қатар ұшақта бортсеріктерге арналған демалыс орны да қарастырылған. Жуыну бөлмелері де ерекше: унитаздар жасырылады, интерьер әдемі безендірілген, сапалы гигиеналық құралдар ұсынылады.
Компания мәліметінше, жеке ұшақтарды пайдаланушылардың басым бөлігі – жас әрі ауқатты кәсіпкерлер. Сарапшылардың айтуынша, 2040 жылға қарай миллиардерлердің үштен бірі Z буыны мен миллениалдар болады. Болашақта осы санаттағы жастар қымбат іскерлік авиацияның қолданушылары болады деп болжануда.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.