Қағазға түссе де қуаты жоқ
Қағазға түссе де қуаты жоқ
«Мемлекет дегеніміз – біздің әрқайсымыз өз-өзімізге жеткіліксіз болып, көпке мұқтаж болғанымызда өсіп шы­ғатын ортақ мекен» дейтін Платонның сөзі бар. Былайша айтқанда, есте жоқ ескі заманда қоғам мүшелері бір жерге жиналып, хаос пен зорлық-зомбылықты тоқтату мақса­тында заңдар қабылдаған. Оның орындалуын қадағалау үшін мем­лекеттік аппарат құрып, алғашқы шенеуніктерін сайлаған. Ал қазір Қазақстанда қажетсіз заңдар да қабылданады кейде. Депутаттар кейбір заңдардың «ши­кілігін» мойындағанымен, жеме-жемге келгенде «бірауыз­дан» мақұлдап жібереді. Алайда олардың қаншалықты деңгейде орындалатыны ойландырады. Яғни, заң қабылдау ойыншыққа айналып бара жатыр ма дейсің. Былтыр Сенат спикері Дариға Назарбаева да осы мәселені би­ліктің биік мінберінде көтерген. – Заң мен құқық күнделікті өмірімізді реттейді. Заң мемле­кеттің бюджетімен бірдей ма­ңызды. Ал бюджеттің дұрыс орын­далуын Есеп комитеті, мем­лекеттік аудит секілді тексеруші органдар, Парламенттің өзі қа­дағалайды. Одан кейін қара­жат­тың қалай игерілгені және неге қол жеткізілгені жөнінде Үкі­меттен есеп талап етеді. Бірақ бү­гінде не Үкіметте, не Пар­ла­ментте қабылданған заңдардың орындалуына мониторинг жүргі­зу­дің пәрменді құралы жоқ. Формализмнен арылатын уақыт келді, – деген еді Сенат төрағасы. Мәселен, 2019 жылдың қара­шасында «Мемлекеттік қызмет­кер­лер және жемқорлықпен кү­рес» жөніндегі заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Жаңа заңға сәйкес, бұдан былай мем­лекеттік қызметкерлер: министр­лер, олардың орынбасарлары, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, облыс, аудан әкімдері мен олардың орынбасарлары өзі­не тікелей бағынатын қызметкері парамен тұтылса, дереу отставкаға арыз жазуы керек. Ең қызығы, отс­тавканы қабылдау немесе қа­былдамау – Президенттің құзы­рында. Сонда дейміз-ау, Мемлекет басшысы шешім қабылдағанда қандай тетіктерге сүйенеді? Ше­неуніктің жазықты не жазықсыз екенін қайдан біледі? Әрбір жем­қорлық дерегін жеке-жеке тек­серуге қайдан уақыт табады? Сол қылмыстың алдын алуға әкімнің не министрдің мүмкіндігі болған-болмағанын қалай анықтайды? Арнайы тергеу жүргізе ме, әлде ішкі түйсігіне иек арта ма? Сауал көп, жауап жоқ. Бұл сұрақтар басы ашық күйінде қалса, жаңа заңның нақты жұмыс істейтін механизмге айналуы неғайбіл. Сондай-ақ мемлекеттік қыз­мет­керлердің 8 сағаттан артық жұмыс істеуіне тыйым салатын заң да көп ретте жұмыс істемейді. Мә­селен, жуырда құзырлы ор­гандар осыған қатысты тексеру жүргізді. Тексеру барысында Ұлттық эконо­мика ми­нистр­лі­гін­де қызмет­ші­лердің артық жұ­мы­сының жалпы уақыты – 4 970 са­ғат, Денсаулық сақтау министр­лігінде – 3 100 са­ғат, Ауыл шаруа­шылығы министр­лігінде – 552 сағат болғаны анық­талды. Оның үстіне артық жұмыс­қа жұмылдырғаны үшін қызмет­керлерге ешқандай өтемақы тө­ленбеген. Компью­тер­лерді авто­матты түрде өшіру тәртібі ор­натылса да, бұл шара көмектесе қоймаған. Тілге тиек еткеніміз – мыңнан бір мысал ғана. Көпшілік білмейтін, білсе де үндемейтін жағдайлар қаншама? Тағы бір дерек. Конституцияда адамдардың еркін жүріп-тұруына кепілдік берілген. Алайда уақыт­ша тіркеу туралы заң азаматтардың сол құқығын шектейді. Басында солай ойлағанбыз. Бірақ бұл заң­ның орындалуын да ешкім қа­дағаламады. Қоғамда дау тудырған заң бойынша әрбір қазақстандық басқа қалада белгілі бір мерзімге барып, біршама уақыт тұрса, уа­қытша мекенжай бойынша тірке­луге міндетті еді. Тіркеуге тұрма­ғандарға 10 АЕК айыппұл салы­нады делінген. Оны естіген халық дүрлігіп, ХҚКО-ларға жаппай ағылған. Уақытша тіркеудің жыры уақытша болып шықты. Әр пә­тердің, әр үйдің есігін қағып, тек­серіп жүрген тәртіп сақшы­ларын көрмедік. Яғни, заң жа­йында қалған. Бүгінде уақытша тіркеліп жатқан ешкім жоқ. Қазақстанда заң жүзінде бей­біт жиналыс, митинг, шеру, пикет және демонстрация өткізуге ты­йым салынбаған. Десек те, билік өкілдері көп жағдайда әртүрлі сыл­тау айтып, наразылық шара­сына рұқсат етпейді. 2016 жылы «Нұрлы жер» бағ­дарламасы бойынша әр азамат мемлекеттен тегін 10 сотық жер ала алады дегенді естіп, төбеміз көкке жетіп еді. Бірақ қуаны­шы­мыз ұзаққа созылмады. Бастап­қыда Үкімет «жылына 40 мың тұр­ғын меншікті жеріне ие бола­ды» деген мәлімдеме жасады. Со­дан кейін «10 сотық жер ин­фра­құрылым салынған аумақ­тар­да ғана беріледі» деді. Қысқасы, іс аяғы сиырқұйымшақтанып кетті. «Мәдениет туралы» заңның ки­нематографияға қатысты 28-ба­бында «Қазақстан Республи­касы­ның аумағына әкелiнетiн барлық фильмдерге 2012 жылғы 1 қаңтар­дан бастап қазақ тiлiнде дубляж жасалуы тиiс» деп талап қойылған. Оны кинотеатрлар әлі күнге дейін орындамай отыр. Сыл­тау көп. Міне, біршама жыл өтті. Бұл мәселе бірнеше рет кө­терілді. Киноп­ро­катпен айналы­са­тын ұйымдар заң­ды сол күйінше бұзудан танған емес. Қайсыбірін айтайық. Орын­далмайтын заңдардың бәрін жіп­ке тізсек, таңды таңға ұрар едік. Бірақ онсыз да бәрі түсінікті. Жалпы, заң қоғамның сұра­ны­сына қарай, халықтың қалауы­мен қабылдануы керек. Ал біздегі кейбір заңдар мен қоғамның тілегі тым алшақ. Заңдар біресе қабыл­данады, біресе шынайы өмірге икемсізді­гінен кейінге шегеріледі. Бір нәрсені ескерейік, заң шығару кезінде мұн­дай келеңсіздіктерге жол беру аза­маттардың заңды сый­ламауына, келекшекте заңға бағынбауына әкеп соғуы мүмкін. О баста заңмен қатаң тыйым са­лып, кейін заңды бұза бер деп ха­лыққа рұқсат берудің арты жақ­сылыққа апармайтыны анық.  

 width=   Еркебұлан НҰРЕКЕШ