Асхат БЕКБАЕВ,
Ядролық физика институты
ЗРК ССР-Қ бас инженерінің орынбасары:
Қазақстанның атом энергетикасын тиімді игеруге толық әлеуеті бар
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты сұхбатын үлкен қызығушылықпен оқып шықтым. Онда еліміздің дамуындағы басым бағыттар, соның ішінде орнықты энергетика мәселесі айқын көрсетілген. Осыған байланысты Қазақстан үшін ядролық энергетиканың стратегиялық рөліне қатысты кәсіби пікір білдіруді маңызды деп санаймын.
Бүгінгі күні ядролық энергетика жай ғана электр энергиясының көзі емес. Бұл – энергетикалық тұрақтылықтың, технологиялық егемендіктің және ғылыми-инженерлік дамудың іргетасы. Қазақстан – әлемдегі ең ірі уран қорларына ие елдердің бірі ретінде және ядролық саладағы қалыптасқан инфрақұрылымының арқасында бейбіт мақсаттағы атом энергетикасын қауіпсіз және тиімді игеруге толық әлеуеті бар мемлекет.
Қазақстан Республикасында атом электр станциясын (АЭС) салу – объективті қажеттілік. Бұл – ел ішіндегі, әсіресе оңтүстік өңірлердегі электр энергиясына деген өсіп келе жатқан сұранысқа жауап және төмен көміртекті экономикаға өту жолындағы маңызды қадам. АЭС еліміздің энергожүйесін тұрақтандыруға, қазба отынға тәуелділікті азайтуға және парниктік газдардың шығарындыларын қысқартуға мүмкіндік береді.
Бұл үдерісте ғылыми-зерттеу орталықтарының рөлі айрықша. Ең алдымен, Алматы қаласындағы Ядролық физика институтын (ЯФИ) атап өткен жөн. Институт базасында жұмыс істейтін ССР-Қ зерттеу реакторы – ядролық технологиялар саласындағы ғылыми, оқу және қолданбалы жобаларды жүзеге асыруға арналған бірегей платформа. Бүгінде ол ядролық материалдар мен отынды сынау, медицина және өнеркәсіп үшін радионуклидтер өндіру, ядролық энергетика саласының мамандарын даярлау, іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізу мақсаттарында табысты қолданылып келеді.
Институт ұжымы ядролық қондырғыларды пайдалану, ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, лицензиялау және халықаралық ынтымақтастық мәселелері бойынша жоғары кәсіби біліктілікке ие. Институт АЭХА (МАГАТЭ) және жетекші халықаралық ғылыми орталықтармен белсенді түрде ынтымақтастық орнатуда.
Бүгінде атом энергетика саласында кадрлар даярлау – басты басымдықтың бірі. Яғни, АЭС құрылысына апаратын жолдағы маңызды міндеттердің бірі – жоғары білікті кадрларды даярлау. Ядролық физика институты еліміздің университеттері мен техникалық жоғары оқу орындарымен бірлесе отырып, инженерлерді, операторларды, қауіпсіздік және радиациялық бақылау мамандарын даярлауға бағытталған оқу және тәжірибелік бағдарламаларға белсенді қатысуда.
АЭС құрылысы жүздеген жоғары білікті мамандарды қажет етеді. Біз Қазақстанның бұл міндетті шешуге толық дайын екеніне сенімдіміз. Ғылым, білім беру, өндіріс және мемлекет арасындағы тығыз үйлестіру жағдайында зерттеу инфрақұрылымын дамыту маңызды. Ең басты бағыттың бірі – жаңа зерттеу реакторын салу. Бұл АЭС үшін материалдарды сынау, изотоптар өндіру, ядролық отын циклінің тұйық технологияларын дамыту және басқа да ғылыми-қолданбалы міндеттер спектрін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Қазіргі заманғы ғылыми инфрақұрылымның болуы – ядролық энергетиканы қауіпсіз әрі тиімді дамыту үшін алғышарт. Біз Қазақстан тек энергия өндірумен шектелмей, осы саланың зерттеу бағытын да күшейтуге тиіс деп санаймыз.
Қорытындылай келе, Ядролық физика институты елдегі ядролық энергетиканы дамыту стратегиясын іске асыруға ғылым, білім және сарапшылық әлеуеті арқылы үлес қосуға толық дайын екенін атап өткім келеді. Біз технологиялық жаңғырту бағытын толығымен қолдаймыз және алдағы онжылдықтарда ядролық энергетиканың Қазақстан Республикасының энергетикалық теңгерімінде лайықты орын алатынына сенімдіміз.
Әлия ДАУЕШОВА,
Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы
Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебі директорының
міндетін атқарушы:
Сенім бар жерде – даму бар
Президенттің «Turkіstan» газетіне берген сұхбатымен мұқият таныстым. Бұл сұхбаттың басты ерекшелігі – Президенттің қоғаммен ашық, тікелей және шынайы диалог жүргізуі. Мемлекет басшысы күрделі мәселелерді айналып өтпей, нақты мысалдармен, себеп-салдар байланысын көрсете отырып талдаған. Менің назарымды ерекше аударған тұсы – реформаларға қатысты жауапкершілікті қоғаммен бөлісуі. Президент тек «мемлекет осылай шешті» деп қана қоймай, сол шешімдердің салдары, оның ішінде теріс пайдаланулар да бар екенін ашық айтты. Бұл – саяси мәдениеті жоғары, кемшілікті жасырудан гөрі, оны мойындап, түзетуге ұмтылатын басқару стилінің белгісі. Сондай-ақ сұхбатта әлеуметтік саясат, жемқорлық, ұлттық қауіпсіздік, азаматтық жауапкершілік секілді өзара тығыз байланысты тақырыптар кешенді түрде қозғалды. Бұл сұхбатты бағдарламалық, яғни қоғамға бағыт-бағдар беретін маңызды саяси мәтін деп бағалауға болады.
Президент сұхбатында: «Мен кезінде баспана алу, балалардың оқу ақысын төлеу, емделу үшін зейнетақы жинағын пайдалануға рұқсат беру туралы шешім қабылдадым. Көбісі солай жасады, бұл шешімге ризашылықтарын да білдіріп жатты. Бірақ, әдеттегідей, стоматология қызметін көрсетеміз деген желеумен зейнетақы қорынан 200 миллиард теңгеден астам қаржы жымқырған алаяқтар да табылды. Құқық қорғау органдары қазір бұл мәселемен айналысып жатыр. Осы медициналық қызмет түріне зейнетақы жинағын пайдалануға тыйым салуға тура келді. Бірақ басқа да қитұрқы тәсілдер пайда болды, тіпті, пластикалық отаға төлем жасайтындар бар» деп айтты.
Жалпы халықтың мұндай қадамға баруын біржақты бағалаудан сақ болған жөн. Менің ойымша, бұл құбылысты масылдықпен ғана түсіндіру жеткіліксіз, бірақ оның элементтері бар екенін де жоққа шығаруға болмайды. Біріншіден, зейнетақы жинағын пайдалану туралы шешім – әлеуметтік тұрғыдан қажет әрі уақыт талабынан туған қадам болды. Көптеген азаматтар баспана мәселесін шешті, балаларын оқытты, денсаулығын түзетті. Бұл – мемлекеттің азаматтарға сенім білдіруі.
Алайда екіншіден, осы сенімді жеке пайдасына, тіпті алаяқтық жолмен пайдаланғандар қоғамдағы жауапкершілік мәдениетінің әлсіз екенін көрсетті. Медициналық қызметті желеу етіп, миллиардтаған қаржының жымқырылуы – тек заңның емес, ар-ұят пен азаматтық сананың да дағдарысы. Ал пластикалық отаға дейін бару – бұл енді масылдықтан гөрі, тұтынушылық психологияның, «мемлекет бәрін көтеруі тиіс» деген қате түсініктің көрінісі. Мұндай әрекеттер әлеуметтік әділеттілікке нұқсан келтіреді және болашақ зейнетақы жүйесіне қауіп төндіреді.
Сондықтан бұл жерде мемлекетті кінәлау оңай, бірақ негізгі мәселе – азаматтардың өз жауапкершілігінде. Әлеуметтік мемлекет пен әлеуметтік жауапты қоғам қатар дамуға тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, сыбайлас жемқорлықпен барлық деңгейде күресу мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып қала береді. Ұлттық қауіпсіздік комитеті санмен әуестенбей, сапаға мән беріп, жемқорлыққа қарсы нақты жұмыс жүргізеді. Сонда мемлекеттік қызметшілер құқық қорғау қызметкерлеріне жалтақтамай, батыл шешім қабылдайтын болады. Президенттің бұл ойы – өте өзекті әрі стратегиялық тұрғыдан дұрыс тұжырым. Ұзақ жылдар бойы жемқорлықпен күресте «қанша іс қозғалды, қанша адам қамалды» деген сан қуалау басым болды. Бірақ бұл жүйелік жемқорлықты түбегейлі жойған жоқ.
Сапаға мән беру дегеніміз – жемқорлықтың алғышарттарын жою, шешім қабылдау процесін ашық әрі түсінікті ету, мемлекеттік қызметшіні қателігі үшін қудаламай, бірақ қасақана заң бұзса – қатаң жауапқа тарту.
Президенттің «құқық қорғау органдарына жалтақтамай, батыл шешім қабылдайтын болады» деуі өте маңызды. Себебі бүгінде көптеген шенеуніктер бастама көтеруден қорқады, себебі кез келген шешім кейін қылмыстық іс ретінде қаралуы мүмкін деген үрей бар. Бұл басқару тиімділігін төмендетеді. ҰҚК мен басқа да органдардың міндеті – кәсіби, әділ және саяси бейтарап жұмыс істеу. Сонда ғана мемлекеттік аппаратта сенім қалыптасады, ал сенім бар жерде даму бар.
Асан ОМАРОВ,
абайтанушы:
Ет жүрексіз тіліңнің айтпа сөзін...
Кешегі сөзінде Президентіміздің Абайды үлгі қылып, өсиетіне сілтеуі өте орынды да, қуантарлық жәйт болды деп білемін. Сонымен, Мемлекет басшысының «Абай халқымыздың еңбекқор, білімпаз және адамгершілігі жоғары болғанын қалады» деген пікіріне келейік.
Бұл адами үш қасиет – жылы жүрек, нұрлы ақыл, ыстық қайратты еске салатын пайым. Жарым емес, бүтін адам болу сатысы. Осы айтылған «адам бол» идеясы Абай мұрасын көктей өтеді негізі. Мәселен, «Ет жүрексіз тіліңнің айтпа сөзін, Тіл үйренген қу нәпсінің тілін, Тілде сүйек, ерінде жиек бар ма, Шымылдық боп көрсетпес шынның жүзін» деген ұлағаты – соның бірі.
Нәпсіге ермей, шынға ұмтылу – имандылық көрінісі. Қазіргі қазақ қоғамына имандылық, Абай сөзінше, адамды сүю, Алланың хикметін сезу жетпей жатқаны анық нәрсе. Абай көпірме сөз, көп мақтауды аямай сынға алған. Себебі бұлар – жанды тән билеп алғанының көрінісі. Абай рухани ұстаз, оның ілімі әлемдік биікте болуы осымен өз түсінігін табады.
«Тарихи деректерді бұрмалау, халыққа жасаған еңбегі күмәнді, яғни нақты мәліметтермен немесе құжаттармен дәлелденбеген адамдарды шамадан тыс ұлықтап көрсету – мен үшін мүлде ақылға қонбайтын нәрсе», – деп атап өтті Мемлекет басшысы. Шынымен де, тарихи деректерді бұрмалау, кейбір тұлғаларды жасанды көтермелеу – залалды әрекет. Жақсы адам деп басқаларға жақсылық жасаған адам деген тәмсіл бар. Тұлғаны бағалау критерийі осы болуға керек. Шындық, ғылымды емес, құрмет ғиззатты қуған адамдар қоғамды шатастырады. Жастар санасын улайды. Кім ақ жүрек, халықшыл болса, сол адамды үлгі қылу керек деген ойдамын. Пір тұтатын адамдар қазақта аз емес. Тарих сүзгісінен өтпей жатып көше беру, ескерткіш соғу жақсылыққа апармайды.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, отаншылдық деген ұлы сезім жылтырақ сөзбен, жалған әрекетпен бағаланбауға тиіс. Нағыз отаншыл азамат жұрттың алдында кеудесін соғып көпірмейді, етегі жасқа толып еңіремейді, оңды-солды сұхбат беріп ділмәрсімейді. Үндемей жүріп, үлкен іс бітіреді. Отаншыл кім? Бұл сұрақтың жауабын да Абай, Шәкәрімнен табамыз. Абай: «бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» демей ме. Шәкірті Шәкәрім: «Мейірім, ынсап, әділетті жаныңдай көріп жан сақта» деп үндейді. Міне, отаншыл, яғни халқын, жерін сүйетін жандар рухани жетілген, көкірегі ояу жандар арасынан шығады. Таяз ойлы адамдар арасынан нағыз патриот шығады дегенге сене алмайтын шығармын. Бұл жерде таяз деп мақтанды қуатын, жаны қалайтындарды меңзеп отырмын. Абай атамыз: «Абұйыр, атақ сол жанда, Кімді көп жұрт мақтаса» дей келе, былайша түйреп өтеді: «Мақтау – жел сөз жанға қас, Қошеметшіл шығарған». Сондай-ақ «Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап» деп ескертеді. Осынау шағын шолудың өзінен-ақ Абайдың есті адам, иманды кісі кім деген мәселеге толық жауап бергенін аңдай аламыз. Олай болса, ел басшысының Абай туралы айтқан пайымына құлақ түріп, хакімнің ілімін пәрменді насихаттауға көңіл бөлуіміз керек деп санаймын. Есті, саналы ұрпақ тәрбиелеудің өзгедей жолы жоқ, сенсеңіз. Хакім Абай бүкіл адамзаттың ой алыбы екенін ұмытпайық.
Алмахан МҰХАМЕТҚАЛИҚЫЗЫ,
ақын, Жазушылар Одағының мүшесі:
Мемлекетшіл ұрпақ тәрбиелеуіміз керек
Абай ілімінің өзегін әркім әртүрлі түсініп жүр. Бірінші тарап, Абай осы күнге дейін айтылды, болды деп санайды. Ал екінші, менің көзқарасымдағы топ Абайды зерттеу енді басталды деп санайды. Өйткені Мұхтар Әуезов: «Абай мұхит болса, мен мұхиттан шөміштеп қана алдым», – демей ме?!
Абай – тұңғиық мұхит болса, біз сол тұңғиықтағы небір асыл қазыналарға әлі қол жеткізгеніміз жоқ. Қазіргі қоғамға керек көзқарастың барлығы Абайдың шығармаларында әлі күнге бар. Абайды әркім өз ұғымында түсінеді. Ал оның сөзін астарлап түсіну жоқ. Мысалы, Абай жиырма алтыншы қара сөзінде: «Біздің қазақтың қосқан аты алдында келсе, түсірген балуаны жықса, салған құсы алса, қосқан иті өзгеден озып барып ұстаса, есі шығып бір қуанады. Білмеймін, содан артық қуанышы бар ма екен? Әй, жоқ та шығар! Осы қуаныш бәрі де қазақ қарындастың ортасында бір хайуанның өнерінің артылғанына я бір бөтен адамның жыққанына мақтанарлық не орны бар? Ол озған, алған, жыққан өзі емес, яки баласы емес. Мұның бәрі – қазақтың қазақтан басқа жауы жоқ, биттей нәрсені бір үлкен іс қылған кісідей қуанған болып, ана өзгелерді ызаландырсам екен демек» дейді. Осы сөзі арқылы Абай көпірме сөз, көп мақтанды сынап, адамзатқа үлгі болатын қажетті айтып мақтануға шақырады. Қазір қоғамда өтірік атақ пен медальді сатып алатындар бар. Олар көпірме сөз бен мақтан үшін адал еңбек еткен адамның алдына түсіп, абыройға жетсем дейді. Бұл мәселе де Абайдың қарасөзінде айтылған. Қаламгерлер арасында шығармасынан бұрын, өзінің атағы жер жаратындар бар. Ал кезінде біз «Менің атым Қожаның» авторын білмей-ақ басымызға жастана оқыдық. Бердібек Соқпақбаев еңбегіменен Соқпақбаев болып қалды. Атақ пен мақтанға қызықпаған. Әлі күнге дейін Бердібек Соқпақбаевқа жететін балалар жазушысы жоқ. Қазақта: «шындық шалбарын кигенше, өтірік төрде отырады», «керуен кері айналғанда, ақсақ түйе алдыға шығады» деген мақалы бар. Біз осылай Алаш арыстарынан Әлиханды да, Ахметті де, Міржақыпты да жоғалтқанбыз. Бірақ өз заманында лайықты бағасын алмаған зиялыларымызбен енді қауышып жатырмыз. Менің ойымша, Астанада Алаш арыстарын насихаттайтын рухани орталық ашуымыз керек. Сонда болашақ ұрпақ, тарихты тереңірек таныр еді. Президентіміз: «Біз болашаққа ұмтылған қоғам, біртұтас ұлт ретінде төл тарихымызды танып, оны қаз-қалпында қабылдай білуіміз керек. Бізге негізсіз аңыз-әңгімелердің еш қажеті жоқ, оның бәрі сана-сезімімізге кеселін тигізеді. Тарих жұртты дауластыратын, жауластыратын тақырып емес, керісінше, қоғамды ұйыстыратын құндылық болуға тиіс. Ойдан шығарылмаған, яғни ақиқатқа құрылған шежіре бізді тарихтан тағылым алып, кемшіліктерімізді түзетуге, сол арқылы болашаққа сеніммен қадам басуға үйретеді. Сондықтан біз Абайды және оның ой-толғамдарын кеңінен дәріптеп келеміз. Ол қоғамдағы кемшіліктерді бүкпесіз айтып, «Толық адам» болуға бастайтын дұрыс жолды нұсқап кетті. Ұлы ойшылдың ұрпаққа қалдырған баға жетпес мұрасы саналатын «Қара сөздері» әлі күнге дейін өзекті болып отыр», – деп атап өтті. Сондықтан ұлттың руханиятына қызмет ететін орталық ашып, ол жерде қазақтың тарихи тұлғаларын насихаттауымыз қажет. Абай «Бес нәрседен қашық бол» және «Бес нәрсеге асық бол» деуімен өмір сүрудің моделін анықтап берген. Президентіміз Абайдың 175 жылдығында жазған мақаласында: «Біз Абайды тану арқылы ұлт тағдырын, өз болмысымызды танып, болашағымызды бағдарлаймыз» деген еді. Осыған орай мен 1-сыныптан 11-сыныпқа дейін Абай ілімінің бағдарламасын жасадым. Бірақ ол әлі бекітілмеді. Абай қазаққа өзіңді көпірме сөзіңмен емес, еңбегіңмен дәлелде деп айтқан.
Ал отаншыл, мемлекетшіл ұрпақ тәрбиелеу үшін бала тілі шыға бастаған сәттен бастап туған елімен, жерімен таныстыру керек. Түсінбесе де, тарихи орындарға апарып, санасына құя беру керек. Сонда бала елін, жерін, Отанын таниды. Өз жерінің тарихын білмейтін адамға, мына жерді қорға деп айта алмаймыз ғой. «Астана Ақмола болып неге аталды? Бұл жерде кімдер тұрған? Тарихы қандай?» осы сұрақтарды бала санасына сіңіре беру керек. Балаға жарқыраған зәулім ғимаратқа қарағанда, Күйгенжар, Бозоқ, Қараөткел қызық. Сол жерлерге экскурсия жүргізсе, баланың құндылығы артады.
Жалпы, Мемлекет басшысының жыл сайын қазақ баспасөзіне сұхбат беруі – оң бастама. Өйткені ел басқарып отырған тұлғаның пікірі қашанда халқы үшін маңызды.
Теңгеш ҚАЛЕНОВА,
т.ғ.к., қауымдастырылған профессор:
Отаншылдық – жүректе
Президент «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» тақырыбындағы сұхбатында 2025 жылдың басты нәтижелерін атап өтіп, еліміздің ішкі-сыртқы саясатына қатысты маңызды мәселелерге де кеңінен тоқталды. Айтулы сұхбатта отаншылдық сезімі турасында былай дейді: «Меніңше, отаншылдық деген ұлы сезім жылтырақ сөзбен, жалған әрекетпен бағаланбауға тиіс. Нағыз отаншыл азамат жұрттың алдында кеудесін соғып көпірмейді, етегі жасқа толып еңіремейді, оңды-солды сұхбат беріп ділмәрсімейді. Үндемей жүріп, үлкен іс бітіреді. «Айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жаратынның» бәрі патриот емес. Отаншыл болу – туған еліңнің, отбасыңның игілігі үшін аянбай еңбек ету деген сөз». Расымен де, кез келген мемлекеттің тәуелсіздігінің беріктігі әр азаматтың отаншылдығында. Бұл – елдің тұрақтылығы мен дамуының негізгі қағидасын айқындайтын терең мағыналы тұжырым. Отаншылдық – туған жерге деген құр құрмет емес, ол мемлекеттің тағдырына жауапкершілікпен қарау, заңды сақтау, адал еңбек ету және қоғамның дамуына үлес қосу арқылы көрінеді. Әрбір азамат елінің тыныштығы мен бірлігіне немқұрайлы қарамай, ортақ құндылықтарды қорғауға атсалысқанда ғана мемлекет мықты болады.
Алаш зиялысы Жүсіпбек Аймауытовтың «Ұлтты сүю» атты мақаласында: «Ұлтын шын сүйіп, аянбай қызмет қылған азаматы көп жұрт күшті, өнерлі, білімді жұрт болып, күресте тең түсіп, басқаларға өзін елетіп отыр... Бұл уақыт – жан тыныштық іздейтін, қызық қуатын уақыт емес, қызмет қылатын, еңбек сіңіретін уақыт. Ойлаңыздар: халық біз үшін емес, біз халық үшін туғанбыз, олай болса, мойынымызда халықтың зор борышы, ауыр жүгі жатыр», – деп айтқаны бар. Жүсіпбек Аймауытовтың бұл пікірі бүгінгі күнде де өз маңызын жойған жоқ. Ол ұлттың дамуы әр азаматтың сана-сезіміне, отаншылдығына, еңбегі мен адалдығына тікелей байланысты екенін көрсетеді. Осындай идеялар арқылы Алаш зиялылары ұрпақты елге қызмет етуге, халық мүддесін бәрінен биік қоюға шақырды. Бұл – бүгінгі тәуелсіз Қазақстан үшін де өзекті, тағылымы терең ой.
Отаншылдықты ұраншыл, декларативті құбылыс емес, күнделікті еңбекпен, жауапкершілікпен, тәртіппен, табиғатты аялаумен, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетумен байланыстыру қажет. Осы тұрғыда Президенттің «Отан отбасынан, аулаңнан, көшеңнен басталады» деген тұжырымы халықтық дүниетанымдағы «Тәрбие – тал бесіктен» қағидасымен терең үйлеседі. Бұл бағытта ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға арналған ғылыми-зерттеу жұмыстарының да маңызы зор. Атап айтқанда, BR28713029 «Қазіргі ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы халық шығармашылығының әлеуметтік рөлін зерттеу: рухани мәдениетті өзгерту және қайта құру» атты ғылыми бағдарлама аясында халық шығармашылығының мүмкіндіктері арқылы Қазақстан халқының бойында отаншылдық сезімді, ұлттық бірегейлікті нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл бастамалар рухани құндылықтарды қазіргі заман талабына сай жаңаша түсіндіруге және қоғам санасында орнықтыруға ықпал етуде. Халық шығармашылығы қоғам мүшелерін заң мен тәртіпке бағынуға, еңбекқорлыққа, сабырлылық пен бірлікке тәрбиелейді. Бұл қазіргі жаһандану жағдайында ұлттық бірегейлікті сақтаудың әрі жаңғыртудың тиімді әлеуметтік механизмі болып табылады. Сонымен қатар Президенттің «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидатын алға тартуы халық шығармашылығының мультикультуралық қоғамдағы интеграциялық рөлін көрсетеді. Қазақ халқының ауыз әдебиеті мен салт-дәстүрінде төзімділік, татулық, өзара құрмет идеялары басым. Демек, халық шығармашылығы қазіргі рухани мәдениетті трансформациялауда тек өткеннің мұрасы емес, қазіргі ұлттық бірегейлікті қалыптастыратын, қоғамды біріктіретін маңызды әлеуметтік ресурс ретінде қызмет етеді. Осы тұрғыдан алғанда, Президент сұхбатындағы ойлар мемлекеттің беріктігі тек экономикалық қуатпен немесе саяси жүйемен өлшенбейді. Ол ең алдымен әр азаматтың жүрегіндегі елге деген сүйіспеншілікпен, жауапкершілікпен және белсенді азаматтық ұстанымымен қалыптасады.