Әлеуметтік желілерде Атырау облысында жоғалып кеткен отбасына қатысты түрлі мәліметтер тарап, қоғамда үлкен резонанс тудырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Әсіресе, Hacker Atyrau парақшасында жарияланған ақпараттар жұртшылықтың қызу талқысына түсті. Себебі өзін атыраулық хакер ретінде таныстырып жүрген жігіттің мәліметінше, бұл оқиғаға кінәлі адам осы отбасындағы күйеубала болуы әбден мүмкін. Аталған парақша авторының айтуынша, ол ашық базалар арқылы отбасы мүшелерінің SIM-карталарын бақылап, банк карталары арқылы жасалған төлемдерді анықтаған. Оның мәліметінше, жоғалғаннан кейін SIM-карталардың бірі әлі де қолданылып келген, ал отбасы мүшелерінің бірінің банк картасынан қараша және желтоқсан айында зейнетақы төлемдері алынған. Бұның бәрін жергілікті хакер оқиғаға хронология жасап, артынша оны видео түсіріп, өз парақшасына салған.
Сонымен қатар автордың айтуынша, әулеттің күйеубаласы Атырауға, Ақтауға, Ыстамбұлға бірнеше рет барып-келіп жүрген. Одан кейін барлық отбасы мүшесімен Шымкент қаласына барып, Шымкент арқылы Өзбекстанға өткен. Одан кейін хакер "күйеубаланың" соңғы рет енесінің нөмірін пайдаланғанын, одан кейін әйелін ертіп Куала-Лумпурға, артынша Балиге өтіп кеткенін айтады. Осы видео жарияланғаннан кейін елде дабыра пайда болып, әртүрлі сөз өрбіді. Кейін пост авторы аталмыш видеоны өшіріп, айтылған ақпараттарды өз білімі арқылы тапқанын, бірақ тергеу ісіне кедергі келтірмес үшін видеоны өшіргенін айтады. Себебі хакердің мақсаты тек елге көмектесу екен.
Бұған қатысты пікір білдірген Атырау облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Құттыбай Садықов парақша иесінің шетелде жүргенін айтып, оның кейбір әрекеттері тергеу жұмыстарына қайшы келуі мүмкін екенін растады.
– Ол көмектескісі келіп әрекет жасап жатыр, бірақ бізде жедел-тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Сол себепті мұндай мәліметтерді оңды-солды таратпаған дұрыс. Тек аймақтық деңгейде емес, республикалық деңгейде іздестіру жұмысы жүріп жатыр. Мәлім болғандай, жоғалған 4 адамның телефон құрылғылары Қазақстан аумағында өшіп-сөндірілген. Ал солардың туысы тағы 2 адам Шымкенттегі Қапланбек бекетінен Өзбекстанға өткенін және Өзбекстан арқылы шетел асып кеткенін анықтадық, – деді Қ.Садықов.
Еске сала кетейік, 25 желтоқсанда Атырау облысында бір отбасының жоғалғаны туралы полицияға арыз түскен еді. Ресми өкіл айтқандай, тергеу барысында олардың ұялы телефонынан бірнеше рет сигнал тіркеліп, соңғы рет Шымкент қаласында қосылып-сөндірілгені анықталды.
Қазіргі таңда арнайы жедел тергеу тобы құрылып, оған Ішкі істер министрлігінің мамандары да жұмылдырылды. Сонымен қатар отбасының кенже қызы мен күйеубаласының шет мемлекетте жүргені белгілі болды. Туыстары олар бойынша арыз түсірмегенімен, құқық қорғау органдары бұл бағытта да тексеру жүргізіп жатыр.