Өңірлерді дамытудың жаңа кезеңі басталды

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Қызылорда облысының жұртшылығымен, еңбек ұжымдарымен, мәслихат депутаттарымен, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерімен және өңірдегі дарынды жастармен кездесті.

Кездесулерде Мемлекет басшысының «Turkistan» газетіне берген сұхбатында айтылған бастамаларды, сондай-ақ елімізде жүргізіліп жатқан өңірлерді орталықсыздандыру бағдары мен Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясындағы тапсырмаларды іске асыруға қатысты мәселелер талқыланды. Одан бөлек, бірқатар маңызды бағыт бойынша Сенаттың мәслихаттармен бірлескен жұмысының негізгі басымдықтарына мән берілді.

Палата Спикері мәслихат де­пу­таттарымен және жұртшылық­пен кездесуде Мемлекет басшысы­ның бастамасымен қолға алынған реформаларды сапалы іске асыру үшін барлық мүдделі тараптың бірлескен жұмысы ерекше мәнге ие екенін айтты. Сондай-ақ ол ел Президенті «Turkistan»  газетіне берген сұхбатында белгілеп берген міндеттерге назар аударып, ци­фр­ландыру, жасанды интеллектіні дамыту және Қазақстанды цифр­лық державаға айналдыру жө­ніндегі бастамалар аясында күш біріктірудің маңызына назар аударды.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен елімізде кешенді реформалар іске асырылып жатыр. Басты мақсат – әділетті мемлекет, тиімді экономика және жауапты басқару жүйесін қалыптастыру. Мемлекет басшысы «Turkistan» газетіне берген сұхбатында елі­міздің қазіргі ахуалына және ал­дағы даму бағдарына кеңінен тоқталды. Президентіміздің барлық бастамасы Қазақстанды әділетті, демократиялық, ашық мемлекетке айналдыруға бағыт­талған. Сондықтан Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді сапалы іске асыру үшін сенаторлар мен мәслихат депутаттарының жүйелі өзара іс-қимылын және бірлескен жұмысын белсенді түрде жалғастыра береміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат Төра­ғасы Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленіп, фискалдық және салық саясаты толығымен қайта қаралған жаңа Бюджет, Салық кодекстерінің, сондай-ақ қабылданған басқа да заңдардың маңызына назар аударды. Палата Спикері ел Пре­зидентінің өңірлерді орталық­сыздандыруды және олардың дербестігін арттыруды көздейтін бұрын-соңды болмаған бағдары мен «Қуатты өңірлер – қуатты ел» қағидатының негізгі мәнін де тілге тиек етті. Мұндай қадам өзекті проблемаларды жедел шешу жолында бюджеттік дербестікті және қабылданған шешімдер үшін жауапкершілікті арттырады, сондай-ақ жергілікті билік инсти­туттарының рөлін нығайтады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев аймақ­тардың құзыретін күшейтіп, бірқатар өкілеттікті орталықтан өңірлерге беруді маңызды міндет етіп белгіледі. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдардың бюджеттік дербестігін кеңейту үшін ауқымды өзгеріс орын алуда. Соның нәтижесінде салықтар мен төлемдердің 25 түрі жергілікті деңгейге, оның ішінде аудандар мен ауылдарға берілді. Ең осал аймақтарға стандартты даму деңгейіне жету үшін көбірек ресурс беріледі. Мұндай тәсіл инфрақұрылымдық олқылықтар­ды барынша азайтуға және елді мекендердің дамуын нақты жос­пар­лауға жол ашады. Өңірлердің кірістерінің 70 пайызы аудандық деңгейде және облыстық маңызы бар қалаларда шоғырланған. Бұл – жергілікті әкімдерді бизнес ортаны дамытуға және табыс база­сын ұлғайтуға ынталандыратын қадам. Осындай ауқымды жұмыста мәслихаттарға үлкен жауапкер­шілік жүктеледі. Бұл ретте Мем­лекет басшысы берген тапсырма­лардың сапалы әрі уақытылы іске асырылуын бақылауды күшейтудің маңызы зор», – деді Сенат Тө­рағасы.

Кездесуде Мәулен Әшімбаев саяси жаңғыру жолындағы тағы бір маңызды мәселе – парламент­тік реформа жөнінде айтты.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында бір палаталы Парламентке көшу мәселесін қоғам мен сарапшылар талқы­лауына шығаруды ұсынды. Бұл бастама демократиялық инсти­туттар мен тетіктерді нығайтуға бағытталған дәйекті реформа­лардың қисынды жалғасы екені анық. Осы жолда кеңейтілген өкілеттіктерге ие Парламент ма­ңыз­ды рөлдердің бірін атқарады. Аталған реформа аясында Консти­туцияның 40-қа жуық бабына өзгеріс енгізіледі. Бұл мәселе бо­йынша түпкілікті шешім халықтың пікірін ескере отырып, референ­дум арқылы қабылданады. Жалпы, парламенттік реформа өкілді билік тармағын одан әрі тиімді, икемді және заманауи сын-қатерлерге төтеп беретін жүйе ретінде күшейтуді көздейді», – деді Палата Спикері.

Мәулен Әшімбаев Қызылорда облысының экономикалық өсу перспективалары мен қарқынына назар аударып, жаңа даму тетік­терін жетілдірудің және азамат­тардың әл-ауқатын арттырудың маңызды екенін атап өтті. Соны­мен бірге кездесуге қатысушылар облыстың инвестициялық әле­уетіне, осы бағыттағы негізгі міндеттерге, олардың ерекшелігіне тоқтала келе, іске асырылып жат­қан бірқатар жобаның тиімділігін және инфрақұрылымды жаңғыр­туға, жолдар желісін, су мен ин­женерлік жүйелерді жаңартуға қатысты мәселелерді талқылады.

Өңірдің креативті жастарымен кездесуде елді жаңғырту про­цесін­де білімді жас буынның рөліне, олардың бойына жасампаз құнды­лықтарды, жауапкершілік пен прогрессивті идеяларды сіңірудің маңызына және өскелең ұрпақты жүйелі қолдауға баса мән берілді.

Сапар аясында сенаторлар Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерімен кездесті және физика-математика бағытындағы мектеп-интернаттың қызметімен танысты. Аталған білім ордасы заңсыз иемденген активтерден қайтарылған қаражатқа Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынған. 

Бұдан басқа, Сенат депутат­тары Инклюзивті спорт орталы­ғына барып, жастармен және оқытушылармен кездесті. Бұл орталық ерекше қажеттіліктері бар балалар мен жастарға түрлі қызмет көрсетеді.

Сенаторлардың «Тұмар» ша­ғын өнеркәсіптік аймағының өкілдерімен кездесуінде шағын және орта бизнесті дамыту мен қолдауға қатысты өзекті мәселе талқыланды. Сондай-ақ депу­таттар облыстық тарихи-өлкетану музейінің және әуежайдың жаңа терминалының қызметімен та­нысты.