Тұрғындар өз пікірлерін ортаға салды

Шымкент қаласында жұмыс сапарымен жүрген Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Данабек Исабек азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, тұрғындардың арыз-шағымдары мен ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Қоғамдық қабыл­дауға «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиа­лының төрағасы Мұрат Жолдыхожаев және тиісті салалық басқармалардың мамандары қатысты.

Қабылдау барысында тұр­ғындар баспана, жер қатынас­та­ры, әлеуметтік қолдау, инфрақ­ұ­ры­лым және көлік саласына қатысты бірқатар өзекті мәселені көтерді. Соның ішінде көп жыл­дан бері баспаналарын заң­дас­тыра алмай жүрген азаматтардың жағдайы ерекше назарға алынды. Ынтымақ, Ақжайық және Дос­тық шағынаудандарынан келген бірнеше тұрғын жылжымайтын мүліктерін рәсімдеуде қиын­дықтарға тап болып отырғанын жеткізді.

Аталған азаматтардың ай­туынша, бұл мәселе бұған дейін де бірнеше мәрте көтерілгенімен, нақты шешімін таппай келеді. Тіпті, кейбір тұрғындар баспа­наларын заңдастыру мақсатында сотқа жүгінген. Алайда арыз-шағымдары қанағаттандырыл­маған. Қалалық әкімдік өкілдері қазір мәселені заң аясында ше­шудің өзге де тетіктері қарасты­ры­лып жатқанын айтты.

Өз кезегінде Мәжіліс депу­таты Данабек Исабек бұл мәселе бойынша қала әкімі Ғабит Сыз­дықбековпен арнайы кездесіп, жағдайды жан-жақты талқылай­тынын жеткізді.

– «Бұл – бір ғана адамның емес, бірнеше ықшамаудандағы тұрғындарды алаңдатып отырған мәселе. Заң шеңберінде шешудің барлық мүмкін жолдарын қа­растырамыз. Қала басшылығы­мен бірлесіп, нақты шешім қа­был­дауға ықпал етеміз», – деді депутат.

Сонымен қатар қабылдауда бірнеше азамат Шымкент қаласы бойынша жер кезегінің жылжы­май тұрғанына қатысты шағым білдірді. Бұл мәселеге байла­нысты Данабек Исабек заң ая­сында түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

– «2018 жылы Шымкент республикалық маңызы бар қала мәртебесін алғаннан кейін қала аумағында жер телімдерін беру тоқтатылды. Қазір жер алу үшін азаматтар EGOV электронды порталы арқылы еліміздің кез келген өңіріне кезекке тұра алады», – деп атап өтті ол.

Бұдан бөлек, жиын бары­сын­да жол жөндеу, көшелерді жа­рық­тандыру, жолаушылар көлігінің жұмысына қатысты мәселелер де көтерілді. Депутат бұл сұрақтарды тиісті басқарма басшыларымен бірлесіп қарап, мүмкіндігінше оң шешімін табуды тапсырды.

Қабылдау соңында тұрғындар арнайы келіп, халықтың мұң-мұқ­тажын тыңдағаны үшін Мә­жіліс депутатына алғыс білдірді. Данабек Исабек алдағы уақытта да азаматтардың өтінішіне ашық екенін айтып, партияның қала­лық филиалы немесе жеке бай­ланыс арналары арқылы хабар­ла­суға болатынын еске салды.

Айта кетейік, Мәжіліс депу­таты Данабек Исабек 13 қаңтарға дейін Шымкент қаласында жұ­мыс сапарымен болып, қаладағы бірқатар әлеуметтік және ин­фра­құрылымдық нысанды аралап, атқарылып жатқан жұмыстармен танысуды жоспарлап отыр.

Елнар ЕЛТАЙ