Сортаң топырақта өскен үміт

Атырау өңірі ежелден сортаң, тұзды топырағымен және қуаң клима­тымен ерекшеленеді.

Сол себепті бұл аймақта көкөніс пен жеміс-жидек өсіру қиын деген түсінік қоғам санасына әбден сіңген. Алайда соңғы жылдары өңірде жылыжай шаруашылығы дамып, бау-бақша өнімдерін өсіруде тың серпін пайда бола бастады. Соның айқын дәлелі – атыраулық жас кәсіпкер Салтанат Жұбаеваның тропикалық лимонды жергілікті топыраққа жерсіндіруі.

Ресми деректерге сүйен­сек, соңғы жылдары Атырау облысында ауыл шаруашы­лығы өнімдерінің жалпы көлемі тұрақты өсім көр­сетіп келеді. Әсіресе, көкө­ніс пен бақша өнімдері ба­ғы­тында оң өзгерістер бай­қа­лады. Облыстағы жылыжайлардың жалпы аумағы бірнеше жыл ішінде айтарлықтай ұлғайып, қияр, қызанақ, аскөк, құл­пы­най секілді өнімдер жергі­лікті нарықты қамта­масыз ете бастады.

Мамандардың айту­ын­ша, климатқа бейімделген агро­технологиялар мен тамшы­латып суару әдістері­нің енгі­зілуі сортаң топыр­ақта да өнім алуға мүмкіндік беріп отыр. Бұл үрдіс тек дәстүрлі көкөніспен шек­тел­мей, же­міс-жидек, тіпті тропикалық дақылдарға дейін жетуі – ауыл шаруа­шылығы үшін үлкен жаңа­лық.

Сортаң жерге жерсінген лимон

Қалың жұрт «Атырауда ештеңе өспейді» деп ойла­ған кезде, қала тұрғыны Салтанат Жұбаева лимон ағашын өсір­іп, мол өнім алып отыр. Ер­кінқала ауыл­ындағы «Раяна» шаруа қожа­лығы бүгінде өңірге кеңінен танымал.

Қазір оның шағын жылы­жайында 20 лимон ағашы өсіп тұр. Биіктігі 6-7 метрге жеткен бір ағаштан 20 келіге дейін өнім алады. Лимон ағашы жылына екі рет жеміс береді. Күтімі дұрыс болса, бір түп ағаштан онда­ған келі өнім алуға болады.

Бұл істің бастау­ында Сал­танаттың марқұм анасы, агро­ном Мәрияш Құр­бан­ия­зованың ең­бе­гі жа­тыр. Ол кезін­де тұз­ды то­пы­рақ мә­се­­лесін зерт­теп, осы бағыт­та ғылы­ми жұмыс та қор­ға­ған. Анасының арманы Атырауда жеміс бағының болуы еді. Бүгінде сол аманатты қызы жалғас­тырып отыр.

«Тропикалық жем­іс­ті өсіру үшін ерек­ше күтім қа­жет. Лимонды бірден жерге отырғыз­бай­ды. Алдымен арнайы цитрусты топырақ­қа егіп, біртіндеп жер­гі­лікті топырақпен араластыра отырып бейімдейді. Бес жыл­дан соң ғана топыраққа отырғызуға болады. Үш жылдан кейін алғашқы жемі­­сін береді. Цитрусты өсіруге арналған топырақты Мәс­кеу­ден алдырамыз, оны жер­гілікті құнарлы топ­ырақпен араластырамыз. Табиғи өнім болғандықтан, тыңайтқыш­ты аз қолдану керек. Ағаш гүлдеп тұрған кезінде де жеміс бере береді. Суару да аса маңызды мәселе. Лимон суық немесе тым ыстық суды көтермейді, бөлме темпера­турасындағы сумен ғана су­ары­лады. Жылыжайдағы темпера­тура, ылғалдылық, жарық – барлығы қатаң ба­қы­лауда болуы керек», – дейді Салтанат Жұбаева. 

Бау-бақшаға бет бұрған өңір

«Раяна» шаруашы­лы­ғында лимоннан бөлек қияр, қыза­нақ, көкшөп, алма, шабдалы, жүзім, анар секілді жеміс ағаштары да өсіріледі. Бұл – Атырауда баубақша шаруашы­лығын дамытуға болатынын дәл­елдейтін нақты мысал.

Өңірде жеке шаруашы­лықтар мен шағын кәсіп­кер­лердің бау-бақша өнім­дерін өсіру­ге бет бұруы – импортқа тәуел­ділікті азай­тудың бір жолы. Қазір­дің өзінде жергілікті өнім­дер базар мен дүкен сөреле­ріне шығып, хал­ыққа қол­­же­тімді бағамен ұсын­ылуда. Салтанат Жұ­баева бүгінде тек өнім өсіру­мен шектел­мей, жаңа мақ­сат­тарға бет алып отыр. Ол лимон мен апельсинді будан­дастырып, жаңа сорт шы­ғару­ға кіріс­кен. Бола­шақта бұл өнім­дерді пат­енттеп, Made in Atyrau бренді­мен респуб­лика көл­емінде ғана емес, шетелге де шығаруды көз­дейді.

Сонымен қатар жас кә­сіп­­кер аграрлық оқу орта­лығын ашып, бау-бақша өсіруді өзгелерге де үйретуді мақсат етіп отыр. Бұл бас­тама өңір­дегі ауыл шаруа­шылығын дамы­туға серпін беретіні сөзсіз.

Қалай десек те, Атырау­дың табиғаты өнім өсіруге қол­айсыз деген түсінікті жоқ­қа шығарған Салтанат Жұбаева – табандылық пен еңбектің нақ­ты үлгісі. Оның сор­таң топырақта өсірген лимоны – тек жеміс емес, үміт пен сен­ім­нің символы. Бү­гінде Атыр­ауда ауыл шаруашылығы, соның іш­інде бау-бақша саласы бір­тіндеп да­мып кел­еді. Ал сол дамудың ал­дыңғы ше­бінде жүрген осын­­дай ең­бек­қор жандар өңірдің аграр­лық әлеуеті әлі де жоғары екен­ін дәлелдеп отыр.

Баян ЖАНҰЗАҚ