Қазақстандық актер және аралас жекпе-жек шебері Еркебұлан Тоқтар мансабында жаңа белеске бет бұрмақ, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Ол әлеуметтік желідегі парақшасында Ташкентте өткен бокс кешінен әсерлі видео жариялады. Бейнежазбада Еркебұланның ринг төрінде, өзбекстандық көрерменнің алдында Қазақстанның мемлекеттік әнұранын орындап тұрғаны көрініс тапқан. Бұл сәт желіде кең таралып, қолданушылар тарапынан жылы пікірлер мен қолдау білдірілді.
Видео астындағы жазбасында Еркебұлан алдағы мақсатын ашық жеткізді: «Осы жылдың соңында – Madison Square Garden, Иншалла», – деп жазды ол.
Madison Square Garden – әлемдік спорт ареналарының ішіндегі ең танымалдарының бірі. Нью-Йорктегі бұл тарихи кешенде кезінде Мұхаммед Әли, Майк Тайсон, Флойд Мэйвезер сынды аңыз спортшылар рингке шыққан. Еркебұланның мақсаты – дәл сол сахнаға шығып, жаңа деңгейге көтерілу.