Данияр Амалбековтің жұмбақ өлімі: әскерге аман кеткен жас сарбаз неге оралмады?

Оның әпкесі сарбаздың Шымкенттегі №6506 әскери бөлімде бастан кешкен оқиғасын баяндап берді.

21 жастағы Данияр Амалбеков әскерге дені сау күйде аттанып, бір айға жетпей жұмбақ жағдайда қайтыс болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап. Оның әпкесі сарбаздың Шымкенттегі №6506 әскери бөлімде бастан кешкен оқиғасын баяндап берді.

«Әскерге өз еркімен барды»

Әпкесі Разиданың айтуынша, Данияр әскерге шақырту алған соң, өзі әскери комиссариатқа барған. Ол денсаулығы жақсы, бойы ұзын, денесі мығым жігіт болған. Анасы жүрек дертімен ауырып, ота кезегінде тұрғандықтан, Данияр оқуын да тоқтатып, үйдің тірегі болып отырған.

Медициналық тексеру барысында оның майтабан екені анықталғанымен, жарамды деп танылып, әскер қатарына алынған. Кейін белгілі болғандай, бұл тексеру тек үстірт жүргізілген, қажетті анализдер алынбаған.

Ауруы жасырын қалған

Данияр 2025 жылдың 9 желтоқсанында Тараздан әскерге аттанып, Шымкентке жіберіледі. Екі күн өтпей жатып, ішінің қатты ауырғанына шағымданған. Бірақ әскери бөлім оның бұл жағдайы туралы туыстарына еш хабар бермеген.

Тек 27 желтоқсанда ғана әртүрлі нөмірлерден хабарласып, сарбаздың ауруханада екені және ем қабылдап жатқаны айтылған. 29 желтоқсанда жағдайы күрт нашарлап, жансақтау бөліміне түскен.

Нақты диагноз қойылмаған

Туыстарының айтуынша, Данияр нақты диагноз қойылмаған күйде әртүрлі медициналық мекемелерге ауыстырылған. Медициналық құжаттарда тек алдын ала болжамдар көрсетілген. Оның жағдайы күннен-күнге нашарлап, іші қатты кеуіп кеткен. Катетер арқылы үш күнде бар болғаны 50 грамм зәр шыққаны анықталған. Бұл өте аз көрсеткіш еді.

«Үш рет тірілтті»

Әпкесі Разиданың айтуынша, дәрігерлер Даниярға бірнеше рет жүрек тоқтауы салдарынан реанимациялық көмек көрсеткен. Соңында, 2025 жылдың 29 желтоқсанында сағат 16:34-те оның қайтыс болғаны хабарланды.

Медициналық қорытындыда өлім себебі ретінде «жүректің кенеттен тоқтауы» көрсетілген. Ал алдын ала болжам ретінде «жедел лейкоз» диагнозы аталған. Бірақ отбасы бұл диагнозбен келіспейді. Олар ұлдарының әскерге мүлдем сау кеткенін айтып, медициналық тексерудің салғырттығы мен жауапсыздығын алға тартады.

Қылмыстық іс қозғалды

Қазір бұл қайғылы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеуді әскери-тергеу басқармасы жүргізіп жатыр. Отбасы кінәлілердің заң алдында жауап беруін талап етуде.