Түркістан облысында өз әкесін аяусыз соққыға жықты деген күдікке ілінген азаматқа қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі басталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
41 жастағы Алмас Садақбаевқа қорғануға қабілетсіз күйдегі әкесін азаптап, оның денсаулығына қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтірді деген айып тағылып отыр.
Сот отырысы барысында Қоссейіт ауылдық округінің әкімі Нұрбол Жайнар куә ретінде жауап берді. Ол видеоны тек марқұм әкесінің қазасынан кейін ғана көргенін айтып, осы жағдайдан соң айыпталушымен кездескенін жеткізді. Кездесуге учаскелік полиция инспекторы да қатысқан. Бірақ Алмас Садақбаев өз кінәсін мойындамаған.
Прокурор Нұрмахан Елшібаевтың айтуынша, марқұмның денесі эксгумацияланған кезде ауыр дене жарақаттары анықталған.
"Эксгумация барысында мұрын сүйегі мен қабырғалардың сынғаны белгілі болды. Алайда сот-медициналық сараптама өлімнің нақты себебін анықтай алмады. Бұған мәйіттің көп уақыттан кейін зерттеліп, шіру процесінің басталып кеткені себеп болды", – деді прокурор.
Еске салсақ, 2024 жылдың қыркүйегінде әлеуметтік желілерде ер адамның өз әкесін балағаттап, ұрып жатқан видеосы тарап, қоғамда үлкен резонанс тудырған еді. Көп ұзамай күдікті мен оның әйелі қамауға алынған.