Жәнібек Әлімханұлының допинг дауына қатысты нақты шешім қашан шығатыны белгілі болды

Енді сол күні бәрі белгілі болады.

Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының президенті Рахымжан Ерденбеков IBF және WBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының (17−0, 12 KO) допинг сынамасына байланысты қозғалған іс бойынша тәртіптік тыңдаудың өтетін күнін жариялады – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты. 

Федерацияның ресми мәлімдемесінде былай делінген:

«Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясы Жәнібек Әлімханұлына қатысты тәртіптік тыңдаудың өтетін күні белгіленгенін ресми түрде хабарлайды.

Тыңдаудың уақыты: 2025 жылғы 19 қаңтар.

Өтетін орны мен нақты уақыты туралы қосымша ақпарат барлық мүдделі тараптарға кейінірек хабарланады.

Федерация істі қарау процесі қолданыстағы ережелер, әділдік принциптері, кінәсіздік презумпциясы және халықаралық антидопинг стандарттары аясында қатаң жүргізілетінін баса айтады.

Ақырғы шешім шықпайынша, кез келген болжам мен көпшілік алдында пікір білдіру орынсыз деп есептеледі.

Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясы төмендегі қағидаттарға берік:
— спорттың тазалығы,
— спортшылардың құқықтарын қорғау,
— федерацияның дербестігі мен тәуелсіздігі.

Келесі процессуалдық қадамдар туралы ақпарат ресми түрде хабарланатын болады.»