Мұнай бағасы мен теңге бағамы
Мұнай бағасы мен теңге бағамы
Мұнай бағасы соңғы үш күнде бір түсіп, бір көтеріліп, құбылып тұр. Мысалы, 18 наурызда 27,22 долларға сатылған WTI америкалық мұнай маркасының баррелі 19 наурызда 23 доллар 80 центке төмендеді. Қара алтынның бұлай құнсыздануы 2008 жылдан бері болмаған. Мұнай бағасымен қатар теңгеміз де құнсызданып барады. Ал кеше Brent маркалы солтүстік теңіз мұнай қоспасына мамыр фьючерстерінің бағасы 6 пайызға артып, барреліне 30,17 долларға дейін жетті, WTI маркалы мұнай бағасы да 27,72 долларды құрады. Ал ұлттық валютамызда не өзгеріс? Қазақстан қор биржасын­дағы кешегі сауда нәтижесінде доллардың орташа бағамы 444,8 теңге болды. 19 наурыздағы қо­рытындымен салыстырғанда (448,5 теңге) ұлттық валюта ба­ғамы 0,8% (3,47 теңгеге) нығай­ды. Алайда валюта айырбастау нүктелерінде доллар бағасы әрқилы құбылып тұр. 480-нен асып жығылғанын да көз көрді. Алдағы апта 1 доллардың бағасы 500 теңгеден асады деген болжап жатқандардың аузына қақпақ бола алмайсыз. Сондықтан Ұлт­тық банк қаржы нарығы қа­ты­сушыларының валюталарды сатып алу және сату бағамы ара­сында негізсіз жоғары мар­жаны орнатуға жол бермеу үшін «Айырбастау пункттері арқылы жүргізілетін операциялар бо­йынша шетел валютасын теңгеге сатып алу бағамының сату ба­ғамынан ауытқу шектерін бел­гілеу туралы» ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының №33 қаулысын (19.03.2020) қабылдады. Қау­лыда уәкілетті банктердің және уәкілетті ұйымдардың (банктік емес айырбастау пункттері) айырбастау пункттері арқылы жүргізілетін операциялар бо­йынша шетел валютасын сатып алу бағамының сату бағамынан ауытқу шегі АҚШ доллары үшін 6 теңге, ал еуро үшін 7 теңге етіп белгіленді. Кешегі оң өзгеріс мұнай ба­ғасы мен теңге бағасы тұрақ­тан­ды дегенді білдірмейді. Өйткені халықаралық сарапшылар дол­лар бағасы алдағы тоқсанда 20 долларға дейін құлдырайды дегенді болжап отыр. Халықаралық сарапшылар болжамымен Centrasia Group компаниясының басқарма төра­ғасы Алмас Құдайберген келі­сетін сыңайлы. Оның айтуынша, өткен жылдың соңында мұнайға деген сұраныс пен ұсыныс тәу­лігіне 100 млн тонна болған. Кү­ніне 100 млн тонна мұнай өн­діріліп, сол мөлшерде саты­лып отырған. Ал IGS агенттігі 2020 жылдың бірінші тоқсаны­ның қорытындысы бойынша нарықта 1,3 млрд баррель мұнай артылатынын болжап отыр. 2015-2016 жылы мұнай бағасы төмендеп кетті деп байбалам салғанымызда, артық мұнай көлемі 350 млн баррель болған екен. Бұл мөлшер бағаға қысым көрсеткен. Ал енді коронави­русқа байланысты Қытайда мұнай тұтыну деңгейі 20 пайызға төмендеді, әуе қатынастары да 20-30 пайызға қысқарды. 1 сә­уірден бастап ОПЕК+ жұмы­сын тоқтатады, сол кезде Сауд Ара­биясы, Ресей, Ирак секілді елдер мұнай өндірісін арттыра түседі. Ал Қазақстан мұнай-сервис компаниялар одағының төрағасы Рашит Жақсылы­қов­тың болжауынша мұнайға қа­тысты жағдай 1-2 жылға созылуы мүмкін. Себебі ел бюджетінің негізгі кірісін қамтамасыз етіп отырған мұнай-газ өндіруші компаниялар. Олардың бюд­жет­ке түсіретін түсімдері: ұлт­тық қорға құйылатын трансферт 3,4 трлн теңге, сатылған өнімге салынатын баж кірісі – 1 трлн теңге. Егер мұнай бағасы 25 дол­ларға түссе баж алымы төлен­бейді. Мұнайға қызмет көрсету саласының бюджетке беріп отыр­ған қаржысы – 500 млрд теңге. Егер мұнай бағасы қазіргі көрсеткіште қалса, кіріс үш есе азаяды. Осылайша бюджетке қомақты қаражат түспей қалады. «Мұнай-газ өндірісіне қызмет көрсету саласында 2 мыңнан астам кәсіпорын бар. Онда 200 мыңға жуық қазақстандық ең­бек етеді. Бұл – өте үлкен эконо­микалық сала. Мұнай бағасы тө­мендеген сайын мұнай өнді­руші компаниялар шығынды үнемдеуге кіріседі. Бұл мұнайға қызмет көрсету саласына ауыр соққы болады. Жалпы, жұмыс орнын қысқарту және қаржылай үнемдеу – өндіруші компания­лар мен олардың бас мердігер­лерін айналып өтеді. Ол тікелей қызмет көрсету компания­ла­рында кездеседі. Мысалы, Те­ңіз­шевройл компаниясы жүр­гізіп жатқан «Болашақ-Даму» жобасына қатысып, жақын ара­да өз жұмысын аяқтайтын қа­зақстандық компаниялардың 5 мыңға жуық жұмысшысы жаз­да жұмыссыз қалу қаупі бар. Оларды біз қайда жібереміз?» – дейді Рашит Жақсылықов. Сон­дықтан ол осы кезге дейін қол қойылған келісімшарттардың қаржылай құнын төмендетпеуді ұсынады. Өйткені 2015 жылы тура осындай жағдай болғанда операторлар құнды 20 пайызға төмендетіп, бірталай компания банкротқа ұшыраған. Екінші­ден, келісімшарттардың бәрі де теңгемен бекітілгендіктен, ин­фляциялық жағдай келісім­шарт­тың құнсыздануына ықпал етеді. Сондықтан инфляцияның өзгеруіне байланысты келісім­шартты өзектендіріп отыру қа­жет. Үшіншіден мұнай өндіруші компаниялар мұндай жағдайда салықтық жеңілдіктер алады. Бұл жеңілдіктерді инвестиция­лық міндеттемелерін тоқтат­пай­тын операторларға ғана беру керек. Сонда олар құрылыс және бұр­ғылау жұмыстарын тоқ­татпауға міндеттеме алады. Төртіншіден, елімізде жаңа жо­баларды іске қосу жұмысы же­делдетілуі тиіс, мысалы, Қара­шы­ғанақ кен ор­нының кеңеюі 4 млрд доллар­дың жобасы. Одан бөлек Қазақ­стандағы газ-химия жобаларын тезірек іске қосқан абзал. Ал бұл бағытта сала минис­трлігі қандай амал-айла қарас­тырып отыр? Энергетика вице-министрі Әсет Мағауовтың ай­туынша, мұнай бағасының төмендеу салдарын төмендету мақ­сатында мұнай өндіру ком­паниялары үшін рента салығын мұнай бағасына байланыстыру қолға алынбақ екен. Вице-ми­нистр сонымен қатар мұнай өндіруші компанияларға қолдау көрсетуге барлық құрал барын, министрлік қазіргі жағдайға тұрақты мониторинг жүргізіп отырғанын айтады. Ең бастысы, мұнай өндіру көлемі қысқар­тылған жоқ.  

Халима ТӘЖІҚҰЛ