Қазақстанда пойызбен жүретіндер азайып, ұшақпен жүретіндер көбейді

Жолаушылардың негізгі бөлігі автомобиль және қалалық көлік түрлерімен тасымалданды.

2025 жылдың 12 айында Қазақстанда көліктің барлық түрімен 1,9 млрд жолаушы тасымалданды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты naryk.kz сайтына сілтеме жасап.

Бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,5% көп. Жолаушылар тасымалынан түскен кіріс 1,5 трлн теңгеге жетті. Жолаушылар айналымы 88,9 млрд жолаушы-километрді құрап, бір жылда 7,4% артты. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады.

Жолаушылардың негізгі бөлігі автомобиль және қалалық көлік түрлерімен тасымалданды. Автобус, троллейбус, такси және өзге де қалалық көліктер арқылы 2025 жылы 1,9 млрд жолаушы тасымалданған. Бұл жалпы көлемнің 98,1%-ы. Көрсеткіш бір жыл бұрынғы деңгейден 12,8% жоғары. Осы сегменттен түскен кіріс 506,4 млрд теңгені құрады.

Теміржолмен 2025 жылы 19,4 млн жолаушы тасымалданды. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 6,7% аз. Теміржол арқылы жолаушылар тасымалынан түскен кіріс 142,4 млрд теңге болды.

Әуе көлігімен 15,4 млн жолаушы тасымалданып, бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,8% артты. Әуе тасымалдарынан түскен кіріс 918,1 млрд теңгені құрады.

Ішкі су көлігімен 253 мың жолаушы тасымалданды. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 9,5% жоғары. Аталған тасымал түрінен түскен кіріс 733,7 млн теңге болды.

Жолаушылар айналымының өсімі Шымкент (32,4%) және Алматы (24,8%) қалаларында, сондай-ақ Алматы (45,2%), Түркістан (18%), Абай (15,2%), Қарағанды (14,3%), Қызылорда (13,9%), Шығыс Қазақстан (7,1%), Ақтөбе (5,2%), Жетісу (4,8%), Павлодар (4,7%), Маңғыстау (4,4%) және Батыс Қазақстан (3,9%) облыстарында тіркелді.