Мәжіліс депутаты Атыраудағы жылу электр орталығына газ жеткізу мәселесін талқылады

Кейінгі үш жылда партияның сайлауалды бағдарламасы аясында Атырау облысында шамамен 220 шақырым газ желіcі тартылып, шалғайдағы 8 елді мекен көгілдір отынмен қамтамасыз етілді.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Дүйсенбай Тұрғанов Атырау жылу электр орталығының ұжымымен кездесіп, жылу маусымында туындауы мүмкін қиындықтар мен өңірді тұрақты энергиямен қамтамасыз ету мәселелерін талқылады. Кездесуде тариф тұрақтылығына, сондай-ақ азаматтардың жайлы тұрмысына тікелей әсер ететін жылу электр орталығын газбен қамтамасыз ету жұмысына баса назар аударылды,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Атырау жылу электр орталығы қаланы жылу энергиясымен, аймақтың басым бөлігін электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Ал газ жеткізу барысындағы кез келген іркіліс немесе жеткізу шартының өзгеруі тарифке және әлеуметтік тұрақтылыққа тікелей әсер етеді. Бұған дейін Мәжіліс алаңында айтылғандай, қолайсыз жағдай туындайтын болса, электр энергиясының тарифі 41%-ға, ал жылу тарифі 91%-ға дейін өсуі мүмкін еді. Алайда «Теңізшевройл» ЖШС мен «QazaqGaz» ҰК» АҚ арасында Атырау ЖЭО-мен жасалған келісімді биыл 30 сәуіріне дейін ұзарту жөнінде уағдаластық бар. 

Кездесуде Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Үкімет биыл I тоқсанның соңына дейін тұтынушылардың барлық санаты үшін коммуналдық тариф бағасын қымбаттатпау туралы шешім қабылданғанын еске салды. Бұл шара азаматтарды қорғау және баға қысымына жол бермеу үшін қабылданған. 

Сондай-ақ Дүйсенбай Тұрғанов Мәжіліс депутаттары газбен жабдықтау, тауарлық газды үнемді тұтыну мәселелері жөніндегі заң жобасы бойынша жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Бұл құжат нарықты реттеуге, тұтынушыларды қорғауға және жеке газ тарату ұйымдарына мемлекеттік реттеу жүргізуді күшейтуге бағытталған.

Айта кетейік, кейінгі үш жылда партияның сайлауалды бағдарламасы аясында Атырау облысында шамамен 220 шақырым газ желіcі тартылып, шалғайдағы 8 елді мекен көгілдір отынмен қамтамасыз етілді.